Тилландсия () – бромелиялар тұқымдасына жататын көпжылдық, мәңгіжасыл бөлме өсімдігі. Отаны – Американың тропиктік және субтропиктік аймағы. Атауы швед ботанигі Э. Тилландстың құрметіне қойылған. 400-ден астам түрлері мен сұрыптары бар. Оның ерекше әдемілігі кімді болса да таңқалдырмай қоймайды. Гүлпаздар арасында бөлмені гүлдендіретін өсімдік ретінде үлкен сұраныста. Бойының биіктігі 20-60 см аралығында. Негізі тилландсия 3-5 жыл ғана өмір сүреді. Осы аралықта гүлдейді, жанама өскіндер шығарады. Содан кейін аналығы солып қалады. Жапырақтары жіңішке, қияқ секілді, ұзындығы 5-25 см аралығында. Жарығы: Жарық жерде өсіру керек. Күннің тіке түскен сәулесінен алшақ ұстаған жөн. Жылуы: Ауа температурасы қыста 18 °C төмен болмағаны дұрыс. Суғарылуы: Гүлдеп тұрғанда құмыра тәрізді қуыс өзегінде үнемі су болуы қажет. Ал, топырағына суды беткі қабаты құрғағанда құяды. Ылғалдылығы: Жапырақтарына жиі су бүркіп тұрған пайдалы. Қоректендірілуі: Мамырдан қыркүйек айына дейінгі аралықта арнайы тыңайтқышпен қоректендіреді. Аурулары: Дұрыс күтім көрсетілсе ауруға шалдықпайды. Көбейтілуі: Гүлдеп болған соң жанама өскіндерін бөлу арқылы көбейтеді. Сілтемелер Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт

Дереккөздер "Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727

Санат:Бромелиялар