Үшқылтан () – астық тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Жер шарының қоңыржай аймақтарында 60-қа жуық түрі тараған, Қазақстанда 4 түрі (масақты үшқылтан, Литвинов үшқылтаны, Сібір үшқылтаны, Алтай үшқылтаны) кездеседі. Бұлар альпілік, субальпілік белдеулерде, ылғалы мол шалғынды жерлерде, ормандағы ашық алаңдар мен тоғайлардың шетінде өседі. Биіктігі 50 — 150 см. Сабағы түзу, жалаң, жылтыр. Гүлдері қосжынысты, аталығының саны үшеу. Гүлшоғыры шашыраңқы немесе масаққа ұқсас сыпыртқы. Масағы 2 — 4 гүлді, масақ қылтаны екеу. Маусым — шілде айларында гүлдеп, жемісі піседі. Үшқылтан — бағалы, құнарлы мал азығы. Кейбір түрлері мәдени өсіріледі.

Сілтемелер "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

Санат:Астық тұқымдасы