Туыстық атаулар — туыстық қарым-қатынасты білдіретін ұғымдар."Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл": Әдеби-этнографиялық таным. (Құрастырғандар: Б.Әлімқұлов, Е.Әбдіраманов). 238б., 1994. ISBN 5-7090-0195-3
Бір отбасындағы туыстық атаулар Ата - баланың әкесінің және анасының әкелері. Әже - баланың әкесінің және анасының шешелері. Одан арғылары үлкен әже деп аталады. Әке - баланың ата-анасының бірі. Ана, шеше - баланы дүниеге әкелген әйел. Аға - бір әкеден немесе бір шешеден туған, бауырлар арасында жасы үлкен ұл. Іні - Жасы бойынша кіші ұл. Бауыр - бір әке-шешенің балалары. Әпке, апа, әпше - жасы бойынша үлкен қыз бала. Сіңілі - қыз бауырлар арасындағы жасы бойынша кішісі. Қарындас - ұлдан кейінгі туған қыз бала. Бұл туыстық атауды ер адамдар тек өзінен кіші қыз балаға айтады.
Туыстық қарым-қатынастағы атаулар Абысын - ағайынды адамдардың әйелдері. Бажа - бір адамның немесе ағайынды кісілердің қыздарына үйленген адамдар. Бөле - бірге туған апалы-сіңілі кісілердің балаларының арасындағы туыстық қатынастың атауы. Балдыз - әйелінің (жарының) сіңлілері (Оңтүстік Қазақстанда). Басқа өңірлерде інілерін де балдыз деп айтады. Ене - жарының аналары. Құда - баланың жары(әйелі немесе күйеуі) жағынан туыстық қатынасын білдіретін сөз, сондай-ақ олардың аталары, әкелерінің атауы. Құда бала - құдасының баласы (ұлы) т.б. жасы кіші туысы. Құдағи - Күйеу мен қалыңдықтың шешелері немесе әжелері (құдандал адамдардың әйелдері). Құда-жекжат - ілік-шатыс құда адамдар. Құдандалы - қыз алысып, қыз беріскен, сүйек шатысы бар адамдар. Құдаша - ерлі-зайыпты адамдардың жасы кіші әйел туыстары (құдандалы адамдардың қыздары). Жиеншар - жиеннен туған бала. Жиен - күйеуге шыққан қыздан туған бала. Жеңге - атаның, жасы үлкен туыстардың әйелі. Жезде - апаның, жасы үлкен туыстардың күйеуі. Күйеу - әйелдің ері, жұбайы. Келін - ата-ана үшін баласының әйелі де, жасы үлкен ағалары мен туысқандары үшін інісінің әйелі. Қайын - жары жағынан туыстық қатынасын білдіретін сөз. Қайын аға - ерлі-зайыптылардың туған және туысқан ағаларының оларға туыстық қатынасы. Қайын ата - күйеу мен келіннің туған әкелерінің оларға туыстық қатынасы. Қайын ене - күйеу мен келіннің туған шешелерінің оларға туыстық қатынасы. Қайын бике - күйеу мен келіннің туған әпкелерінің оларға туыстық қатынасы. Қайын сіңілі - күйеудің қарындастарының әйеліне туыстық қатынасы. Қайын іні - ерлі-зайыптылардың өздерінен кіші ұл бауырлары. Нағашы - ана жағынан туыстық қатынасын білдіретін сөз.
Тағы қараңыз Ана Әке Ата
Дереккөздер
Санат:Қазақ салт-дәстүрлері Санат:Отбасы Санат:Туыстық