Ағаштыкөл, Боталыкөл – Торғай өзені алабындағы тұщы көл.
Географиялық орны Қостанай облысы Амангелді ауданы аумағында, Үрпек ауылынан шығысқа қарай 3,5 км-дей жерде, Торғай өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан.
Сипаты Ұзындығы мен ені шамалас, жыл бойы суы ортаймайды. Жағалауларының ұзындығы 10-12 км, ауданы 25-30 км2. Торғай өзенімен қолдан қазылған арық арқылы жалғастырылған. Көктем сайын су тасығанда айдыны өзен суымен және жауын-шашынмен толысып тұрады. Оңтүстік жағалаулары сыңсыған қалың жыңғыл, тал, қамыс, қоға, шағыр, алабота, ши. Солтүстік беткейі Торғай өзеніне дейін шабындық. Көктемде қоға арасына құстар ұя салып, суында табан, алабұға, шортан, ақшабақ тіршілік етеді. Жаз бойы ел жайлап, мал жайылады. Солтүстік-батыс жағалауындағы төбенің басына 19 ғасыр ескерткіші – күйдірілген кірпіштен қаланған Маңғал тамы, бұрын Иманов атындағы кеңшардың бір фермасы болған Ағаштыкөл ауылы орналасқан. Бұл жерлерде 1916 жылы Амангелді Иманов бастаған көтерілісші сарбаздар полковник Тургеневтің жазалаушы отрядына қарсы соғысты (қ. Доғал-Үрпек шайқасы). ТОРҒАЙ ЕЛІ. Энциклопедия / Құраст. Т.Рсаев. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2013. – 456 бет + 16 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 978-601-291-179-4
Дереккөздер
Санат:Амангелді ауданы көлдері