Непалдықтар, непали (өз атаулары – кхастар, парбатия (таулық), гуркхтар) – Непалдың негізгі халқы. Непалдағы жалпы саны 11,5 млн-дай. Үндістанда да тұрады (2 млн.). Үлкен еуропоид нәсілінің оңтүстік тармағының әр түрлі типіне жатады.

Тілі Үндіеуропалық тіл шоғырының үнді-арий тобына жататын, бірнеше диалектіге бөлінетін непали (найпали, кхас-кура, горкхали, парбатия) тілінде сөйлейді. Ішінара ағылшын тілі де тараған. Жазуы деванагари негізінде.

Діні Негізінен индустер, 1 миллионға жуық адам мұсылмандар, сонымен қатар буддистер, христиандар, т.б. бар.

Тарихы Непалдықтардың арғы ата-бабалары – кхастар жөніндегі жазбалар б.з.б. 1-мыңжылдықтағы үнділік деректерде кездеседі. XIII—XIV ғасырларда кхастардың магар, гурунг, т.б. тайпалармен араласуы нәтижесінде жаңа этнос гуркхтар қалыптасқан. XVII ғасырдың екінші жартысында Гуркх конфедерациясының Непалды біріктіруімен непал этносы қалыптасты. 20 ғасырдың ортасынан бастап ұлттық консолидация процестері күшейе түсті.Қазақ Энциклопедиясы, 7 том 2 бөлім

Кәсібі Негізгі кәсіптері – суармалы егіншілік. Имек жүзді, жалпақ, ауыр пышақ – кхукри ауыл шаруашылығы құралымен қатар қару ретінде де қолданылады. Буйвол, зебу, ешкі, үй құстарын өсіреді. Тоқымашылық, қыш құмыра жасау, ұсталық, зергерлік қолөнері дамыған.

Өмір салты нобай|оңға|200px|Непалдық Непалдықтарда касталық ерекшеліктер мен тыйым салулар қатаң сақталады. Кастааралық алмасу жүйесі бар (джаджмани). Жоғары касталар экзогамдық патрилинейлік топтарға бөлінеді. Отбасылары үлкен, патриархалдық. Байларда көп әйел алу бар. Непалда ұрлық жоқ, бірақ қараусыз қалған заттар иесіз болып саналады, сондықтан жергілікті тұрғындар оларды қаймықпастан иемденеді. Елдегі қоғамдық орындарда сүйісу және құшақтауға тиым салынған.

Елді мекендері мен дәстүрлі баспаналары Дәстүрлі елді мекендер шашыраңқы орналасқан. Тұрғын үйлері екі және үш қабатты, күйдірілген немесе шикі кірпіштен салынған. Үстіңгі қабаты тұрғын үй, әкпен әктелген, ағаш галереясы және шынысыз терезелері бар. Төменгі қабаты екі бөлмелі, мұржасы жоқ ошағы бар ас үй, шеберхана, қойма және қорадан тұрады.

Дәстүрлі киімдері Ер адамдардың ұлттық киімдері – тік жағалы жейде (даура), өкшеге қарай тарыла түсетін шалбар (сурувал), ұзын белбеу (патука), кеудеше, еуропалық үлгідегі пиджак. Әйелдер көптеген әшекей бұйымдар (сырғалар, металл мен шыныдан жасалған білезіктер, сақиналар, алқа, моншақтар) тағады. Қаладағы әйелдердің көпшілігі сари киеді.

Дәстүрлі тағамдары Дәстүрлі тағамдары – өткір дәмді шардәрілер мен көкөніс қосып пісірілген күріш, бидай, жүгері ұнынан пісірілген жұқа нан, бұршақ, сиыр, буйвол сүтінен жасалған тағамдар (гхиу, дахи, т.б.), жемістер. Ет тағамдары сирек дайындалады және негізінен қой, ешкі, тауық, буйвол немесе қодас етінен дайындалады. Сиыр киелі жануар болғандықтан сиыр еті тұтынылмайды. Сүт өнімдері өте танымал емес. Егер олар тұтынылатын болса, онда бұл негізінен буйвол сүті мен қодас сүтінен жасалған ірімшік.

Дереккөздер

Санат:Непал этникалық топтары