СОГЭ, Сөге, Сақал (туған жылы белгісіз — 711 жылы өлген) — Түргеш қағандығының қағаны (708 — 11). Билікке әкесі Үшлік өлген соң келген. Осы жылы Қытайдың Таң патшалығының солтүстік-батыстағы тірек бекіністерін талқандады. 709 ж. Таң патшалығы Согэнің “он төрт тайпаның қағаны” әрі “Алып Білге қаған” деген атағын ресми түрде мойындауға мәжбүр болады. Сондай-ақ осы жылы Батыс Түрік қағанатының негізгі аумағына түргештердің бақылауы орнады. 711 ж. Таң патшалығымен әскери одақ құрып, Шығыс Түрік қағанатына қарсы соғыста ойсырай жеңілді және осы соғыста қазаға ұшырады.

Қазақ Энциклопедиясы, 7 том

Пайдаланылған cілтемелер

Санат: Тарих