Букаву үшін шайқас (фр. Bataille de Bukavu; сондай-ақ Букаву шабуылы) — 2025 жылдың ақпан айында басталған, ДР Конгоның Оңтүстік Киву провинциясының астанасы Букавуды бақылауға алу үшін жүргізілген әскери операция.

Алғышарттар 2022 жылы M23 қайта жанданып, қарулы қақтығыстарға кірісті. Наурыз айынан бастап Руанда ДР Конго аумағындағы әскери әрекеттерге тартылды. 2025 жылы Гома құлағаннан кейін M23 көтерілісшілері мен Руанда әскері Оңтүстік Киву провинциясына қарай ілгерілей бастады.

Барысы 5 ақпан: M23 күштері Гома мен Букаву арасындағы стратегиялық маңызы бар Ньябибве шахтерлік қаласын басып алды. 7 ақпанда Букаву билігі оқу орындарын жабу туралы шешім қабылдады.

11 ақпан: Таңертең M23 мен Руанда күштері Ихуси мен Мухонгозойды басып алды. Бұл жер маңызды инфрақұрылымға жақын орналасқан: Кавуму әскери әуежайынан 40 шақырым, Букавудан 70 шақырым жерде еді.

13 ақпан: M23 күштері Калехені басып алды.

14 ақпан: M23 күштері Букавудан шамамен 30 шақырым жердегі Кавуму әуежайын қоршауға алып, бақылауына алды. Куәгерлер қақтығыс кезінде үкімет әскері бұл аймақтан шегінгенін хабарлады.

Осыдан кейін M23 көтерілісшілері Багира мен Казингу аудандары арқылы Букавуға қарай жылжи бастады. Жергілікті тұрғындар олардың қозғалысын құжаттап, Багира ауданындағы марштарын видеоға түсірді. Қаланың әртүрлі бөліктерінде атыс болғаны туралы хабарламалар түсті.

16 ақпан: Конго Демократиялық Республикасының үкіметі Букавудың M23 қозғалысының бақылауына өткенін ресми түрде мәлімдеді. Қарулы қақтығыс барысында M23 жасағы Конго қарулы күштерінің әлсіз қарсылығына тап болды. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, кейбір тұрғындар көтерілісшілерді қолдап, оларды ел астанасы Киншасаға қарай жылжуға шақырды.

Дереккөздер

Санат:2025 жылғы қақтығыстар Санат:2025 жылдағы ДР Конго Санат:2025 жылдағы Руанда