Франсуа Байру () — Францияның мемлекеттік қайраткері және саясаткер. Демократиялық қозғалыс партияның басшысы.
Францияның Премьер-министрі (2024-2025). Францияның Әділет министрі (2017-2019) және бір кезде Францияның Ұлттық білім министрі (1993-1997) қызметтерін атқарған.
Өмірбаяны Франсуа Байру кедей фермер отбасында дүниеге келген. Бордо III университетінде классикалық әдебиет мамандығы бойынша білім алып, оны 23 жасында тәмамдаған. 1982 жылы оңшыл-либералдық Француз демократиясы одағына кіріп, осы партия атынан Атлантикалық Пиреней департаменті бас кеңесінің депутаты болып сайланды.
Байру христиан-демократиялық көзқарасты ұстанады және өзін діндар католик деп атайды. Сонымен қатар ол дін мен мемлекеттің бөліну қағидатын қолдайды.
1979–1981 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде жоғары лауазымды қызмет атқарып, сауатсыздықпен күрес мәселелерімен айналысты. Кейін Сенат төрағасы Ален Поэрдің аппаратында жұмыс істеді. 1984–1986 жылдары Еуропарламент төрағасы Пьер Пфлимленнің кеңесшісі болды. 1993 жылға дейін парламенттегі сауатсыздыққа қарсы күрес тобына жетекшілік етті.
1993 жылы Эдуар Балладюр жетекшілік еткен оңшыл либералдардың сайлаудағы жеңісінен кейін Франсуа Байру Франция үкіметіне білім министрі ретінде шақырылды. Оның министрлік кезеңінде француз білім беру жүйесінде бірқатар реформалар жүргізілді. 1995 жылы премьер-министр болып Ален Жюппе тағайындалғаннан кейін де өз қызметін сақтап қалып, ғылым саласына да жауапты болды.
Байрудың басты саяси мақсаты — голлистік күштерге тең дәрежеде қарсы тұра алатын центристік саяси күш қалыптастыру еді. Ол білім және ғылым министрі қызметін 1997 жылғы 4 маусымға дейін атқарды. Оның орнына Клод Аллегр келді.
1998 жылы Француз демократиясы одағының төрағасы болып сайланды. Партия әлеуметтік бағыттағы нарықтық экономиканы, жеке еркіндікті қорғауды, әлеуметтік төзімділікті күшейтуді, орталықсыздандыруды және ультраоңшыл күштермен ынтымақтастықтан бас тартуды қолдады.
1999 жылы Еуропарламент сайлауына қатысып, Страсбургтегі парламент депутаты болды. 2002 жылғы Франция президенті сайлауында партия атынан кандидат ретінде қатысып, 6,8 % дауыс жинап, төртінші орын алды.
Сол жылы либерал-центристер арасында жік пайда болды. Партияның бір бөлігі Жак Ширакты қолдау үшін Халықтық қозғалыс одағына қосылуға дайын болса, Байру Француз демократиясы одағының тәуелсіздігін сақтауды жақтады. Осыдан кейін ол Еуропарламент депутаты мандатынан бас тартып, Франция парламентінің депутаты болды.
2007 жылғы президенттік сайлау қарсаңында Байру рейтингте айтарлықтай өсім көрсетіп, басты үміткерлердің біріне айналды. Ол өзін солшыл кандидат Сеголен Руаяль мен консерватор Николя Саркозиге балама центристік кандидат ретінде таныстырды. Сайлауалды науқан кезінде Еуропалық одақты «адамзаттың ең әдемі құрылысы» деп атады. Сонымен қатар Түркияның ЕО-ға кіруіне қарсы болып, еуропалық конституцияны қолдады. Конституцияда Құдай туралы ескертуге қарсы шығып, дін мен заң араласпауы тиіс екенін мәлімдеді.
2008 жылы По қаласының мэрі сайлауына қатысқанымен, социалистер кандидаты Мартин Кассудан жеңілді.
2012 жылғы президент сайлауында 9,13 % дауыс жинап, бесінші орын алды. Екінші турда Франсуа Олландты қолдайтынын мәлімдеді. Алайда өз жақтастарын нақты бір кандидатқа дауыс беруге шақырмады.
2017 жылғы 17 мамырда Эдуар Филипптің алғашқы үкіметінде әділет министрі қызметіне тағайындалды. Алайда сол жылғы 21 маусымда парламент сайлауынан кейін жасақталған екінші үкімет құрамына кіруден бас тартты.
2024 жылғы 13 желтоқсанда Францияның премьер-министрі болып тағайындалды. 23 желтоқсанда Байру үкіметі құрылды.
2025 жылғы 16 ақпанда Социалистік партияның бірінші хатшысы Оливье Фор Франсуа Байруды кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларын жасыруға қатысы болуы мүмкін деп айыптады. Әңгіме Лестель-Бетаррам қаласындағы жеке католик мектебіндегі 1970–1990 жылдар аралығындағы оқиғалар туралы болды. Байру бұл іске қатысты ешқандай ақпарат алмағанын мәлімдеді.
2025 жылғы 8 қыркүйекте Франция Ұлттық жиналысы Байру үкіметіне сенімсіздік вотумын жариялады. Бұған 2026 жылға арналған бюджетті қабылдау әрекетінің сәтсіз аяқталуы себеп болды. Келесі күні Байру президент Эмманюэль Макрон атына үкіметтің отставкасы туралы өтініш берді.
2025 жылғы 9 қыркүйекте Франция премьер-министрі қызметінде оның орнын қорғаныс министрі Себастьен Лекорню басты.
Тағы қараңыз Эммануэль Макрон
Дереккөздер
Санат:Франция