Әулие Николай шіркеуі () — Таллиннің ортағасырлық басты шіркеулерінің бірі. Ескі қаланың батыс бөлігінің панорамасында көзге бірден түсетін бұл храм XIII ғасырдың ортасында Вестфалиядан келген готландиялық саудагерлердің бастамасымен салынған және теңізде жүргендердің қамқоршысы — Әулие Николайдың құрметіне арналып бой көтерген. 1944 жылдың наурыз айында шіркеу Кеңес Одағының бомбалауынан қатты зардап шекті. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл ғимарат музей және концерт залы ретінде пайдаланылып келеді. Бүгінде бұл — Эстония өнер мұражайының төрт филиалының бірі. Шіркеу ғимараты Эстонияның мәдени мұра нысандарының мемлекеттік тізіміне архитектуралық және тарихи ескерткіш ретінде енгізілген.

Тарихы Неміс қоныстанушыларының бір бөлігі — Вестфалиядан келген саудагерлер — 1230 жылы Ратуша алаңының оңтүстік-батыс бөлігінде қоныстанды. Бұл аумақ Пикк-Ялг көшесі арқылы Вышгородпен байланысқан болатын. Шіркеу салуға олар қазіргі Ратаскаэву көшесінің шығыс жағындағы кең алаңды таңдады. XIII ғасырдың соңына қарай бұл жерде төрт травеясы бар үш нефті шіркеу салынды. Ол кездегі шіркеудің келбеті қазіргісінен едәуір өзгеше еді: әсіресе үлкен батыс мұнарасы жоқ болатын. Бұл мұнараны тұрғызу қомақты қаражатты қажет етті және құрылыс жұмыстары тек XIV ғасырдың екінші жартысында басталды.

Бастапқыда шіркеу тек діни мақсатта ғана емес, сонымен қатар тауар қоймасы ретінде де пайдаланылды. Онда кейде сауда келісімдері жасалып, бұл сол кезеңдегі ірі сауда орталықтарында кең таралған тәжірибе болған. Балтық теңізі аймағындағы бекіністі сауда шіркеулерінің ежелден келе жатқан дәстүрі бар. Көшпелі саудагерлер оларды XII ғасырдан бастап маусымдық сауда пункттерінің орталығы ретінде сала бастаған.

Қазіргі шіркеу ғимаратының негізгі бөлігі 1405–1420 жылдар аралығында салынған. Сол кезде шіркеуге клересторий — яғни, жанама нефтердің үстіндегі жоғарғы галереялар қосылды. 1515 жылы мұнараға готикалық үшкір шпиль орнатылды. XVII ғасырда мұнара мен шпиль барокко стилінде қайта жасалды. Кейінірек шпиль бірнеше рет биіктетіліп, қазіргі 105 метрлік биіктігіне жетті.

Әулие Николай шіркеуі — Реформация кезінде Төменгі қаладағы ішкі безендірілуі тоналудан аман қалған жалғыз шіркеу. 1524 жылғы 14 қыркүйекке қараған түні, ашулы қала тұрғындары Әулие Олаф, Пюхавайму және Доминикан монастыріндегі Әулие Екатерина шіркеулерін қиратқаннан кейін, Әулие Николай шіркеуіне бет алған. Алайда жергілікті аңыз бойынша, шіркеудің есіктерінің құлыптары қорғасынмен бітеліп, шіркеуге кіруге мүмкіндік болмаған. Кейінірек жағдай тынышталып, шіркеу лютерандық болып өзгертілді, ал оның бай безендірілуі сақталып қалды.

1944 жылы 9 наурызда Таллинге кеңестік авиация жасаған әуе шабуылы кезінде шіркеу ғимараты және оны қоршаған аудан ауыр зақымға ұшырады. XVI ғасырдағы оюлы мінбер мен көптеген басқа өнер туындылары жойылды, бірақ ең құнды жәдігерлерді аман алып қалу мүмкін болды. нобай|292x292 нүкте

Соғыстан кейінгі жылдары шіркеуде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тек 1970-жылдары ғана соғыс кезінде жойылған шпиль қайта қалпына келтірілді. Алайда, 1982 жылы 13 қазанды қарсы алған түні шіркеу ғимаратында үлкен өрт шықты. Соның салдарынан жаңадан қалпына келтірілген мұнарадағы шпиль құлап түсті.

Ғимаратты жөндеуден және интерьерді қалпына келтіруден кейін 1984 жылы қаңтарда бұрынғы Нигулист шіркеуінде Эстония өнер мұражайының филиалы және концерт залы ашылды. Нигулист мұражайында Эстонияда сақталған ортағасырлық өнердің ең құнды туындылары: құрбандық үстелдері, мүсіндер, картиналар, герб-эпитафтар, бір кездері Таллинндегі және одан тыс жерлердегі шіркеулер мен монастырларды безендірген конфессиялар бар. Любек суретшісі Берндт Ноткенің әлемге әйгілі «Өлім биі» картинасы ерекше назар аудартады, оның бір бөлігі Әулие Энтони капелласында орналасқан. Картинада Пападан бастап сәбиге дейін әр түрлі таптағы адамдар тізбегі, сондай-ақ олардың қасында би билеп, адамдарды биге баулитын Өлім фигуралары бейнеленген. Суретші бастапқыда екі бірдей картина салды, олардың бірі соғыс кезінде Любекте жойылды, Таллинде бұл жұмыстың бір үзіндісі ғана сақталған. Шіркеуде ескі голландтық жұмыстың құрбандық үстелі сақталған, оны құру атақты Таллиндік суретші Зиттовқа тиесілі.

Әулие Николай шіркеуі өзінің тамаша акустикасымен танымал. Оның ғимаратында үнемі органдық концерттер өткізіліп тұрады.

2022 жылдың 8 желтоқсанында жүргізілген тексеру барысында, шіркеу ғимаратының жағдайы қанағаттанарлық деп танылды.

Тағы қараңыз Эстония өнер мұражайы

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер

Санат:Таллиннің лютеран шіркеулері Санат:Таллин мұражайлары Санат:Эстонияның готикалық сәулеті Санат:Таллиннің Ескі қаласы Санат:Эстонияның мәдени ескерткіштері Санат:Таллиннің сәулет ескерткіштері