Косьма-Дамиан шіркеуі – Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.

Орналасқан жері Меңдіқара ауданы Боровской ауылында орналасқан.

Шіркеу құрылысы деректері Шіркеу Әулие Косьма және Дамианның құрметтеріне орай 1905-1911 жылдар аралығында салынған. Құрылысы Петербор Епархиясы, Торғай және Орынбор епархиалды басшылығының қолдауымен 1888 жылы салынған шіркеудің орнында жүргізілді. Құрылысты басқару мақсатында Ярослав губерниясынан атақты сәулетші Михаил Корнолович Кириллов Боровской ауылына аранайы алдыртылған екен. Шіркеуді тұрғызуға қатысты барлық шаруаны Боровской тұрғындары: С. Дроздов, В. Бугаев, С. Кочергин, Г. Глибин, Ф. Агафонов, Морозов және Шарков өз мойындарына алған. Құрылысқа қажетті ағашты Арақарағайдан арбамен тасыса, кірпішті жергілікті шебер М.К. Андросов өзі дайындаған. Шіркеу құрылысы толығымен Боровской және таяу маңдағы ауыл тұрғындары жинаған қайырымдылық қорына түскен қаражатпен жүргізілді. Шіркеу құрылысына бір күн болса да көмектеспеу айыпқа саналып, барлығы өздерінің шама-шарқынша көмектесуге тырысқан. Шіркеу құрылысы – сол кезеңдегі ақыл-ойдың жемісі. Шіркеуді жылыту үшін ерекше жүйе ойлап табылған: жер төлелерде ауа соратын торлары бар калориферлер орнатылған, мұржасының биіктігі күмбездердің басына дейін жетті. Қоңыраухананың биіктігі 41 м. "Клировой ведомости" газетіндегі мәліметте "1912 жылы 16 қазанда шіркеуді толық киелендіру рәсімі өткізіледі. Ғимарат тастан тұрғызылған, жылы, қоңырауханалары да тастан салынған. Тақ біреу – 1 қарашада тойланатын Әулие Косьма және Дамианның құрметіне арналған" – деп жазылды.

Шіркеудің тарихи жылдары Кеңестік саясаттың салдарынан шіркеу 1930 жылы өз жұмысын тоқтатады. 1931 жылы қоңыраухананы бұзып, кірпіштерін қоғамдық монша салуға тасып әкетеді. Челябинскте 1938 жылы іске қосылған трактор зауытының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында шіркеудің қоңырауларын ағытып, шіркеу мүліктерін таси бастайды. Кейіннен шарбақтарын кесіп, иконаларының көзін жояды. Шіркеу ғимараты 1950-1970 жылдары астық пен шаруашылық және құрылыс заттарын сақтайтын қойма ретінде, кейіннен мектеп тирі, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі ретінде пайдаланылды. Бұлардың барлығы шіркеу құрылысының бүлінуіне әсер етті. Ғимарат 1981 жылы облысытық музейдің филиалының қарауына өтеді. 1990 жылы шіркеу Орыс православия шіркеуіне беріледі. 2004 жылы жекелеген адамдардың қаржылай көмегімен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. 2010 жылы шіркеу қабырғаларын жаңғырту жұмысы аяқталады. Бровской ауылының тумасы Тобыл рухани семинариясының икона жазу мектебінің оқытушысы Андрей Гинтер өзінің шәкірттерімен шіркеу өрнектерін қайта қалпына келтіруге атсалысады. Күрделі жөндеуден өткен шіркеуді киелендіру рәсімі 2011 жылы өткізілді. 2015-2017 жылдары жаңа күмбездер орнатылып, қоңырауханалар жаңартылды. Шіркеу күмбезі Қостанай облысындағы ең үлкен күмбездердің бірі. Оның өлшемдері: диаметрі 8,5 м, биіктігі шамамен 13 м, салмағы 8 т. Архитектуралық стилі: эклетика. Шіркеу Қостанай өлкесі зергерлерінен мұра болып қалған православ сәулет өнерінің тамаша ескерткіші.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7

Дереккөздер

Санат:Қостанай облысы сәулеті Санат:Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Шіркеулер