Екінші Пелопоннес соғысы (б.з.д. 431–404), көбінесе жай ғана Пелопоннес соғысы (көне грекше: Πόλεμος τῶν Πελοποννησίων, транслитерациясы: Pólemos tō̃n Peloponnēsíōn) деп аталады, бұл грек әлеміндегі үстемдік үшін Афина мен Спарта және олардың одақтастары арасында болған соғыс. Соғыс Парсы империясының Спартаға қолдау көрсету арқылы араласқанға дейін шешілмей тұрды. Лисандр бастаған Спарта флоты (Парсыдан алынған субсидиялармен салынған) ақырында Афинаны жеңіп, Грекиядағы Спартаның гегемония кезеңін бастады. Ежелгі Афина мен Спарта сияқты қала-мемлекеттер арасында ежелден бері қайшылықтар болған. Бұл қайшылықтардың едәуір бөлігі мемлекеттердің саяси құрылымдарының айырмашылығынан туындады. Ежелгі Афина демократия ретінде танылса, Спартада билік олигархияның қолында болды. Одақтас полистерде екі жақ та өздеріне ұқсас мемлекеттік жүйені орнықтыруға тырысты. Саяси қайшылықтарды тіпті халықтың шығу тегі де ушықтырды: афиналықтар (сондай-ақ олардың көптеген одақтастары) ионийліктер болса, ал спарталықтар мен олардың одақтастары негізінен дорийліктер еді. Тарихшылар әдетте соғысты үш кезеңге бөледі.Thucydides and the Peloponnesian War academic.mu.edu.Deepak Malhotra. What History's Biggest Wars Teach Us About Leading in Peace HBS Working Knowledge.
Бірінші кезеңі (б.з.д. 431–421) Спарта патшасы Архидам II-нің атымен аталған Он жылдық соғыс немесе Архидам соғысы деп аталды; ол Пелопоннес лигасының (Спартаның одақтастары желісі) толық гоплит әскерімен Аттикаға бірнеше рет басып кірді. Афинаның Ұзын қабырғалары бұл стратегияны тиімсіз етті, ал Делос лигасындағы Афинаның қуатты флоты Пелопоннес жағалауына шабуыл жасап, Спартаға қарсы көтерілістерді өршітуге тырысты. Б.з.д. 421 жылы Никий бітімі жасалып, ол б.з.д. 413 жылға дейін созылды. Бұл уақытта бірнеше делдалдық шайқастар болды, оның ішінде б.з.д. 418 жылы Спарта Элида, Мантинея (екеуі де бұрынғы Спарта одақтастары), Аргос және Афинадан құралған біріккен әскерді жеңген Мантинея шайқасы. Ең маңызды оқиға — б.з.д. 415–413 жылдар аралығындағы Сицилия жорығы болды, онда Афина Спартаның одақтасы Сиракузыны басып алмақ болып, өзінің флотын дерлік толықтай жоғалтты.
Сицилия апаты соғыстың үшінші кезеңін (б.з.д. 413–404), яғни Декелея соғысы немесе Иония соғысы деп аталатын кезеңді бастады. Бұл кезде Парсы империясы Спартаны қолдап, Парсы соғыстары аяқталғаннан кейін Делос лигасына қосылған Кіші Азиядағы грек қалаларының үстемдігін қайтарып алмақ болды. Парсы қаржысының көмегімен Спарта Лисандр басқарған үлкен флот жасақтап, Эгей теңізінде, әсіресе б.з.д. 405 жылы Эгоспотамоста, бірқатар шешуші жеңістерге жетті. Келесі жылы Афина берілу актісіне қол қойып, бүкіл империясынан айырылды. Лисандр Делос лигасының бұрынғы мүшелеріне, соның ішінде Афинаға, қуыршақ олигархияларды орнатып, Афинада бұл режим «Отыз тиран» деп аталды. Пелопоннес соғысынан кейін он жылдан соң Коринф соғысы (б.з.д. 394–386) басталды; ол нақты шешімсіз аяқталғанымен, Афинаның Спартадан тәуелсіздігін қалпына келтіруге көмектесті.
Пелопоннес соғысы ежелгі грек әлемін өзгертті. Соғысқа дейін Грекияның ең күшті қала-мемлекеті болған Афина дерлік толық бағындырылған күйге түсті, ал Спарта Грекияның жетекші билеуші мемлекет ретінде орнықты. Соғыстың экономикалық шығындары бүкіл Грекияға әсер етті, Пелопоннес аймағында кедейшілік жайлап, Афина күйреп, соғысқа дейінгі дәуірдегі әл-ауқатын ешқашан қалпына келтіре алмады.Kagan, Donald (2003). The Peloponnesian War. New York: Viking Press. ISBN 978-0-670-03211-2.Fine, John V. A. (1983). The Ancient Greeks: A Critical History. Cambridge, Massachusetts: Belknap Press. ISBN 978-0-674-03314-6. Сонымен қатар, соғыс грек қоғамына да астарлы өзгерістер әкелді. Демократиялық Афина мен олигархиялық Спарта арасындағы қақтығыс, олардың әрқайсысы басқа мемлекеттердегі өздеріне ыңғайлы саяси топтарды қолдағандықтан, грек әлемінде соғысты жиі оқиғаға айналдырды. Ежелгі грек соғысы бастапқыда шектелген әрі формалды сипатта болғанымен, Пелопоннес соғысы қала-мемлекеттер арасындағы жаппай қырғынға айналып, зорлық-зомбылыққа толы болды. Діни және мәдени тыйымдарды бұзып, ауыл шаруашылығын күйретіп, бүтіндей қалаларды қиратып, Пелопоннес соғысы б.з.д. V ғасырдың және Грекияның алтын дәуірінің қайғылы аяқталуын көрсетті.
Тарихи дереккөздер
Пелопоннес соғысы — замандастарының айтарлықтай көп куәгерлік деректері сақталған алғашқы әскери қақтығыс. Бұл соғыстың негізгі тарихи дереккөзі — Фукидидтің «Пелопоннес соғысының тарихы» атты еңбегі. Оның еңбегі тарихи ғылымның дамуына зор ықпал етіп, Пелопоннес соғысын және сол кездегі әлемді қазіргі заманда қалай қабылдайтынымызға айтарлықтай әсер етті.Дж. В. А. Файн Древние греки: критическая история, с. 442 Ол бұл еңбегін соғыс басталысымен жаза бастағанын, деректерін тікелей куәгерлерден алғанын және өзі де көрген оқиғаларды қамтығанын атап көрсетеді. Соғыстың алғашқы кезеңінде шайқасқан афиналық болған Фукидид б.з.д. 423 жылы жер аударылып, өмірінің қалған бөлігін Пелопоннес аймағында өткізіп, деректер жинап, еңбегін жазумен айналысты. Ғалымдар Фукидидті сенімді әрі екі жаққа да бейтарап деп санайды. Бір ерекшелігі — оның еңбегіндегі ұзақ баяндамалар, олардың өзі де бұл сөздердің дәлме-дәл жазбасы емес, жалпы айтылған ойларды өз түсінігімен жеткізгенін мойындайды.Morley, Neville (13 September 2021). "Thucydides Legacy in Grand Strategy". In Balzacq, Thierry; Krebs, Ronald R. (eds.). The Oxford Handbook of Grand Strategy. Oxford University Press. pp. 41–56. ISBN 978-0-19-257662-0. Еңбек соғысқа дейінгі бірнеше жылды қамтып, оның басталу себептерін түсіндіріп, содан кейін оқиғаларды жыл сайын баяндайды. Фукидид еңбегінің басты кемшілігі — оның толық аяқталмағаны: мәтін б.з.д. 411 жылы соғыстың аяқталуынан жеті жыл бұрын үзіліп қалады.
Бұл оқиғаны Фукидидтің замандасы Ксенофонт жалғастырды, оның «Грек тарихы» еңбегінің бірінші кітабында баяндалды. Ксенофонттың еңбегі — Фукидидтің дәстүрлі түсінігіндегі «тарих» емес, керісінше оқиғалармен таныс оқырманға арналған естеліктерге ұқсайды. Бұл еңбек Фукидидтің соңғы сөйлемінен бірден басталып, соғыстың аяқталуы мен оның салдарын баяндайды. Афинада дүниеге келген Ксенофонт әскери қызметін жалдамалы сарбаз ретінде Парсы империясында және Кіші Азия, Фракия мен Грекияда Спарта жағында соғысып өткізді. Осы әрекеттері үшін Афинадан қуылып, Спартада өмір сүрді, онда соғыстан шамамен 40 жыл өткен соң «Грек тарихын» жазды. Оның еңбегі әдетте Спартаға бүйрегі бұрады деп есептеледі.Gatto, Martina. "Review of: Xenophon and Sparta". Bryn Mawr Classical Review. ISSN 1055-7660 Ксенофонттың еңбегі өте біржақты және өзіне жағымсыз ақпаратты жиі елемейді; мысалы, Эллада тарихында үлкен рөл атқарған Пелопид пен Эпаминонд туралы мүлдем дерлік айтпайды. Сондықтан тарихшылар оның еңбегін аса сақтықпен пайдаланады.
Қалған көне еңбектер соғыс туралы кейінірек жазылған және бізге тек үзінділер күйінде жеткен. Сицилиялық тарихшы Диодор Сицилиялық өзінің «Тарихи кітапханасының» 12 және 13-кітаптарында соғыс туралы қысқаша баяндама ұсынады. Б.з.д. I ғасырда жазылған бұл еңбектердің дереккөзі соғыстан кейінгі ғасырда жазылған Эфордың әмбебап тарихы болған деген пікір бар, бірақ бұл еңбек қазіргі уақытта жоғалған. Оның еңбегі тарихшылар тарапынан түрліше бағаланады, бірақ оның басты құндылығы — Ксенофонттың баяндауынан бөлек оқиғалардың өзге қырын ұсынатын жалғыз шығарма болуы.
Рим-грек тарихшысы Плутарх өзінің «Салыстырмалы өмірнамалар» соғыстағы төрт ірі қолбасшының (Перикл, Никий, Алкивиад және Лисандр) өмірбаянын жазды. Плутархтың басты назары осы адамдардың мінезі мен адамгершілігіне аударылғанымен, ол соғыс барысына қатысты басқа дереккөздерде кездеспейтін кейбір мәліметтерді де келтіреді. Плутарх бірінші кезекте өмірбаяншы және моралист болғанымен, қазіргі заманғы тарихшылар оның еңбектерінен пайдалы ақпарат алады. Б.з. I ғасырында жазылған бұл еңбегін Плутарх қазіргі кезде жоғалып кеткен деп есептелетін ертеректегі еңбектерге сүйене отырып жазған.
Соғыс туралы мәліметтердің шектеулі бөлігі эпиграфика мен археологиядан алынады, мысалы, Амфиполь қабырғалары мен Брасидтың қабірі, олар XX ғасырда қазылып алынған. Соғыс кезінде салынған кейбір ғимараттар мен өнер туындылары біздің заманымызға дейін сақталған, мысалы, Афинадағы Эрехтейон ғибадатханасы мен Гегесоның құлпытасы. Бұлар әскери әрекеттер туралы ақпарат бермегенімен, соғыс кезіндегі азаматтық өмірді көрсетеді. Афиналық Аристофанның бірнеше пьесалары (әсіресе «Бейбітшілік» пен «Лисистрата») соғыс кезінде жазылып, сол дәуірде қойылған, бірақ олар тарихи емес, сатиралық шығарма ретінде саналады.
Пентеконтаэтия (елужылдық кезең) Фукидид Спарта Пелопоннес соғысын б.з.д. 431 жылы «афиналықтардың күшеюінен қорыққаны үшін» бастаған деп есептеді, өйткені ол кезде «Афина Элладаның көп бөлігін бағындырып үлгерген еді»."Thucydides, The Peloponnesian War, Book 1, chapter 1" www.perseus.tufts.edu. Шынында да, Пелопоннес соғысы басталар алдындағы елу жылдық кезең Афинаның Жерорта теңізіндегі ең күшті мемлекетке айналуымен ерекшеленді. Афина империясы бастапқыда Делос аралында қазынасы орналасқан Делос лигасы деп аталатын шағын полистер тобы ретінде құрылды — бұл лига грек-парсы соғыстарының аяқталғанын қамтамасыз ету мақсатында құрылған еді. Б.з.д. 480 жылы парсылардың Грекияға басып кіруін тойтарып, Афина тез арада Иония мен Эгей архипеллагында парсыларға тәуелді аймақтарда Парсыларға қарсы соғысты жалғастырған грек мемлекеттерінің одағының көшбасшысына айналды. Мұның соңы Афинаның бірте-бірте империяға айналу кезеңімен аяқталды. Бұл кезең Фукидид атаған Пентеконтаэтия («елу жылдық») деп аталады. Афина парсыларға қарсы агрессивті соғыс жүргізіп, басқа қалаларға үстемдік ете бастады - Афина бастапқыда Делос лигасында көшбасшы рөлінде болса, кейінірек ол өз билігіне Спарта мен оның одақтастарынан басқа бүкіл Грекияны қаратты да, тарихта «Афиналық империя» деп аталатын кезең басталды. Ғасырдың ортасында парсылар Эгей теңізі жағалауындағы иеліктерінен бас тартуға мәжбүр болып, олар Афинаға тәуелді болды. Сонымен қатар, Афинаның күші едәуір өсті: бұрынғы тәуелсіз одақтастары тәуелді мемлекеттерге айналып, алым-салық төлеуге міндетті болды. Бұл қаражат Афинаға қуатты флот ұстауға мүмкіндік берді, ал ғасырдың ортасынан бастап ол қаладағы ауқымды қоғамдық ғимараттар салуға және қаланы көріктендіруге де пайдаланылды, бұл өз кезегінде наразылық туғызды.
Афина мен Пелопоннес мемлекеттері (оның ішінде Спарта) арасындағы қайшылықтар Пентеконтаэтияның басында-ақ басталды. Парсылар Грекиядан кеткеннен кейін, Спарта Афина қабырғаларын қалпына келтіруге жол бермеуге тырысты (қабырғасыз Афина құрлықтық шабуылдарға осал болып, Спартаға тез бағынар еді), бірақ бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. Фукидидтің айтуынша, спартандықтар сол кезде ешқандай шара қолданбағанымен, олар «өз мақсаттарына жете алмағандарына іштей қатты қапаланды».
Мемлекеттер арасындағы қақтығыс б.з.д. 465 жылы Спартада илоттардың көтерілісі кезінде қайтадан басталды. Спартандықтар бұл көтерілісті басуға барлық одақтастарынан, оның ішінде афиналықтардан да көмек сұрады. Афина 4000 гоплиттен тұратын әскер жіберді, бірақ олар келгеннен кейін Спарта «көмек қажет емес» деп, афиналықтарды үйлеріне қайтарып жіберді (қалған одақтастар қала берді). Фукидидтің айтуынша, спартандықтар афиналықтардың көтерілісшілер жағына өтіп кетуінен қауіптеніп, олардан бас тартты. Бұған ашынған Афина Спартамен одағын бұзды. Ақыры көтерілісші илоттар өлтірілмеу және жер аударылу шартымен берілуге мәжбүр болды; Афина оларды Коринф шығанағының ең тар жерінде орналасқан стратегиялық маңызды Навпакт қаласына қоныстандырды. Бұл оқиғалардың нәтижесінде ашынған афиналықтар Спартамен одақтан шығып, оның ежелгі қарсыласы Аргоспен және Фессалиямен одақ құрды.