«Вест Окленд Таун» (;) — Англияның Вест Окленд ауылында орналасқан футбол клубы, қазір Northern League Division One лигасында ойнайды. Өз алаңындағы ойындарын "The Wanted Metal stadium" аренасында өткізеді. Клуб ең алдымен 1909 және 1911 жылдары әлемдегі алғашқы халықаралық футбол жарыстарының бірі болып саналатын Сэр Томас Липтон кубогының жеңімпазы ретінде танымал.
Тарихы Клуб 1893 жылы Вэст Окленд футбол клубы атауымен құрылды және бастапқыда келесі лигаларда өнер көрсетті: Уир Вэлли лигасы (1896–1900), Саут Дарем Альянсы (1900–1905) және Мид Дарем лигасы (1905–1908). 1908 жылы клуб Солтүстік лигаға қосылды.
Сэр Томас Липтон кубогы Бұл жүлде іскер адам және спорт сүйер меценат Сэр Томас Липтонның бастамасымен құрылды. Ол Еуропаның жетекші футбол клубтарының арасында жарыс өткізгісі келді. Италия, Германия және Швейцарияның футбол қауымдастықтары бұл бастаманы қолдап, өз командаларын ұсынды, ал Англияның Футбол қауымдастығы клуб ұсынудан бас тартты. Нәтижесінде, Солтүстік лигада ойнайтын, көмір шахтерлерінен құралған қарапайым әуесқой команда — Вест Окленд бұл жарысқа қатысатын болып таңдалды. Алайда олардың қалай таңдалғаны әлі күнге дейін нақты белгісіз.
Бір ықтимал түсініктеме бойынша, Сэр Томас Липтонның қызметкерлерінің бірі Солтүстік лига өкілдерімен байланыста болған және Англияның орнына қатысатын команда іздеген. Тағы бір нұсқа — қала тұрғындары арасында кең таралған — Липтон бұл жарысқа Вулвич Арсеналды жібермек болған, бірақ хатшысынан "W.A." деп қысқартылып жазылған нұсқауды алған соң, қателесіп Уэст Оклендке хабарласқан. Алайда фактілерге сүйенсек, бұл нұсқа күмән туғызады. Сол кезде Вулвич Арсенал Екінші дивизионнан жаңа ғана көтерілген және қазіргі атақты клуб деңгейінде емес еді, әрі Англияның басқа клубтарымен салыстырғанда аса мықты болмаған. Сонымен қатар, Сэр Томас Липтон мен Вулвич Арсенал арасындағы қандай да бір байланыс туралы құжаттық дәлелдер жоқ. Керісінше, соңғы зерттеулер дәл осы Вэст Оклендтің бастапқыда қатысады деп жоспарланған команда болғанын нақты көрсетедіThe Miners' Triumph – Martin Connolly – Oakleaf Publishing –.
thumb|left|Вест Окленд Таун 1909 жылы Сэр Томас Липтон кубогымен түскен сурет Вест Окленд алғашқы турнир өткен Турин қаласына жолға шықты, және бұл сапардың шығынын көптеген ойыншылар өз қалталарынан төледі. Жартылай финалда олар Шпортфройнде Штутгарт командасын 2:0 есебімен жеңді. 1909 жылы 12 сәуірде финалда Швейцарияның Винтертур командасымен кездесіп, тағы да 2:0 есебімен жеңіске жетіп, трофейді иеленді.
Екі жылдан кейін, Вэст Окленд қайтадан Туринге оралды. Олар алдымен Цюрих командасын 2:0 есебімен жеңіп, финалда болашақта аты аңызға айналатын Италиялық Ювентус командасын 6:1 есебімен ойсырата ұтып, жарыс ережесі бойынша трофейді мәңгілікке сақтап қалуға ие болды.
Алайда, елге оралғаннан кейін клуб қаржылық қиындықтарға тап болды және трофейді жергілікті қонақүй иесінің иелігіне ломбардқа өткізуге мәжбүр болды. Көп жылдар бойы ол трофей иесінің отбасында сақталып келді. Тек 1960 жылы ауыл тұрғындары арнайы қайырымдылық науқанын өткізіп, трофейді клубқа қайтару үшін қажетті қаражат жинады.
Алайда, 1994 жылы кубок ұрланып кетті, және жергілікті полицияның бар күш-жігеріне, сондай-ақ 2 000 фунт стерлинг сыйақы жарияланғанына қарамастан, трофей табылған жоқ. Бүгінде кубоктың дәл көшірмесі Вэст Оклендтегі Working Men's Club мекемесінде арнайы қорғалған шкафта сақтаулы.
Клубтың алғашқы жеңісі туралы оқиға 1982 жылы телехикаяға айналды. Ол Tyne Tees Television студиясында түсіріліп, "The World Cup: A Captain’s Tale" («Әлем кубогы: Капитанның хикаясы») деп аталды. Бас рөлді Деннис Уотерман ойнаған.
Кейінгі тарихы Қаржылық қиындықтарға байланысты клуб 1912 жылы Солтүстік Лигадан шығуға және тарауға мәжбүр болды. Алайда 1914 жылы клуб қайта құрылып, Вест Окленд Таун атауымен өз жұмысын жалғастырды. Клуб 20-ғасырдың басындағы жетістіктерін қайталай алмаса да, 1960 және 1961 жылдары Солтүстік Лига чемпионы атанды, сондай-ақ 1961 жылы FA Amateur Cup финалына шығып, Уолтемстоу Авеню командасынан жеңіліп қалды. Бүгінге дейін клубтың басты қарсыласы Бишоп Окленд командасы. Айта кетейік, Солтүстік Лига 1889 жылы құрылған және Англияда Football League-ден кейінгі ең көне лига болып саналады.
1998–99 жылғы маусымда Вест Окленд Таун тарихында үшінші рет Англия Кубогының негізгі кезеңіне жолдама алды. Бұл жолы Йовил Таун командасына қарсы қонақта ойнады. Бірінші матч 2:2 есебімен тең аяқталып, қайтар ойында 1:1 нәтижесі тіркелді. Нәтижесінде пенальти сериясында Йовил Таун ұтып, келесі кезеңге өтті.
2005 жылдың жазында Дэвид Бэйлз клуб тізгінін алды және бірінші маусымда (2005–06) клубты 5-орынға, ал келесі жылы 6-орынға шығарды. 2007–08 жылғы маусым Англия Кубогында сәтті басталып, Вест Окленд Таун финал алдындағы іріктеу кезеңіне жетуге бір қадам қалғанда, Bamber Bridge командасымен қайтар матчта жеңіліп қалды. Бэйлздің күтпеген отставкасынан кейін Ли Эллисон аз уақыт бас жаттықтырушы болды, одан кейін Фил Оуэрс клубты құтқару үшін келіп, құлдыраудан алып шықты. Бірақ 2008–09 маусымының басында ол қызметінен кетті, орнына Брайан Фэйрхёрст ойыншы-бапкер ретінде тағайындалды. Алайда, 10 ойын қатарынан жеңіске жете алмағаннан кейін оның орнына Рэй Гоуэн келді, бірақ ол да нәтиже көрсетпей, маусым соңында отставкаға кетті. Дегенмен, Sunderland Nissan клубының тарауына байланысты Вест Окленд Таун бірінші дивизиондағы орнын сақтап қалды.
Сэр Томас Липтон кубогындағы тарихи жеңістің 100 жылдығына орай, Ювентус клубы Италияда қайта матч өткізуді ұсынды. Бұл ойында Ювентустың U-20 командасы 7:1 есебімен жеңіске жетті Up for the cup, 100 years on BBC News Online Sunday, 2 August 2009. Осыдан соң Брайан Онур бас бапкер болып тағайындалды.
Фэйрхёрст пен оның ізбасары Уилф Константин клубты қайта жандандыра алмады, екеуінің де жұмысы ұзаққа созылмады. Үшінші маусым қатарынан жаңа бапкер тағайындалды — Питер Диксон 2009 жылдың 7 желтоқсанында қызметке келіп, Вест Окленд Таун клубын құтқару миссиясын мойнына алды. Ол тізгінді алған кезде клуб небәрі 19 матчта 5 ұпай жинап, −41 гол айырмашылығында тұрған болатын. Десе де, маусым соңында клуб 16-орынмен аяқтады.
2011–12 және 2013–14 жылдары Вест Окленд Таун FA Vase турнирінің Уэмбли стадионында өткен финалында ойнады. 2012 жылы Данстон UTS командасынан 2:0, ал екі жылдан кейін Шолинг клубынан 1:0 есебімен жеңіліп қалды. Диксон кеткеннен кейін, клуб біршама қиын кезеңдерді бастан өткерді, бірнеше бапкер ауысты. 2017–18 маусымда клубқа Гэри Форрест келді. Ал 2018–19 маусымда клуб FA Vase ширек финалына дейін жетіп, Чертси Таун командасынан жеңілді.
Жетістіктері Лига Northern League Чемпион: 1959–60 Northern League Division Two Чемпион: 1990–91
Кубок Sir Thomas Lipton Trophy Жеңімпаз: 1909, 1911 FA Amateur Cup Финалист: 1960–61 FA Vase Финалист: 2011–12, 2013–14 Durham Challenge Cup Жеңімпаз: 1963–64, 2020–21, 2023–24 JR Cleator Cup Финалист: 2021 Northern League Cup Жеңімпаз: 1959–60, 1962–63, 2018–19 Durham Benevolent Bowl Жеңімпаз: 1960–61, 1962–63
Дереккөздер
Санат:Англия футбол клубтары