Figure 01 — OpenAI жасанды интеллектін қолданатын, АҚШ-та әзірленген Figure AI компаниясы жасаған адамтәрізді андроид-робот, ол алғаш рет 2022 жылы таныстырылды.

Сипаттамасы Figure 01 адамтәрізді андроид роботының бойы 168 см, салмағы 60 кг, ол 1,2 м/с жылдамдықпен қозғала алады және салмағы 20 кг дейінгі жүктерді көтеруге қабілетті. Аккумулятор заряды 5 сағатқа дейін жұмыс істеуге жетеді. Сыртқы келбеті скафандр киген ғарышкерді еске салады, арқасында «рюкзагы» бар. Роботтың бетінің орнына қоршаған ортаны көруге мүмкіндік беретін дисплей орнатылған.

Мүмкіндіктері Белгілі бір схема бойынша бағдарламаланған немесе телеоператор арқылы басқарылатын көптеген роботтардан айырмашылығы, Figure 01 андроид роботы OpenAI жасанды интеллекті мен GPT-4 негізінде дербес әрекет етеді. Ол адам сөйлеуін жақсы түсініп, оны өз әрекеттеріне арналған командаларға айналдыра алады, сондай-ақ тез үйреніп, орындаған іс-қимылдарын есте сақтайды. Әзірлеушілер тобы жариялаған бейнежазбалардың бірінде роботтан алдымен үстелде не жатқанын сипаттау сұралады, кейін үстелден жеуге жарамды бір затты беру тапсырмасы беріледі, осы кезде ол үстелде жатқан алманы ұсынады. Одан кейін роботтан қоқысты үстел үстінде тұрған контейнерге салу сұралады. Кейін тарелка мен кружканы сол сияқты басқа заттардың жанына өз орындарына қою тапсырмасы беріледі, бұл әрекеттердің барлығын робот сәтті орындаған. Барлық тапсырмалар сәтті аяқталды.

Figure 02 2024 жылғы тамыздың басында роботтың екінші моделі таныстырылды. Роботтың сыртқы келбеті едәуір өзгерді, корпусы ықшам әрі ағынды пішінге келтіріліп, барлық сымдар корпустың ішіне жасырылды, сондай-ақ арқасындағы рюкзак алынып тасталды. Робот әлдеқайда икемді әрі қозғалысы шапшаң болып, командаларға жылдамырақ жауап беретін болды. Автономды жұмыс уақыты 5 сағаттан 7 сағатқа дейін артты. Робот 16 еркіндік дәрежесіне ие, ал көтере алатын жүк салмағы 20 кг-нан 25 кг-ға дейін ұлғайтылды.

Figure 03 Алдыңғы прототиптерден айырмашылығы, Figure 03 демонстрациялық платформа ретінде емес, нақты жаппай өнім ретінде ұсынылады. Роботтың негізінде көруді, тілдік модельді және қозғалыс координациясын қамтамасыз ететін Helix жүйесі жатыр. Соның арқасында Figure 03 табиғи тілді түсінеді, қоршаған ортаны талдайды және көпсатылы әрекеттерді орындай алады, мысалы, ол затты тауып, оны алып, көрсетілген орынға жеткізе алады. Роботтың әр қолы нысандармен дәл манипуляция жасауға арналған кіріктірілген камералармен және визуалдық кері байланыс датчиктерімен жабдықталған. Саусақтарының ұштарында қысымды және беткі құрылымды сезуге мүмкіндік беретін тактильді сенсорлары бар жұмсақ қаптамалар орналасқан. Figure 03 корпусы көбіктенген материалдан жасалып, жұмсақ тоқыма қаптамамен қапталған, бұл оны сырттай «үйге бейім» етіп көрсетеді. Сондай-ақ конструкция киім немесе униформа кию мүмкіндігін қарастырады. Робот аяқтарына орнатылған катушкалар арқылы индукциялық сымсыз зарядтаумен жабдықталған. Ол зарядтау платформасына кабельсіз және адамның көмегінсіз өздігінен қосылады. Бір зарядтағы жұмыс уақыты шамамен 5 сағатты құрайды. Робот тұрмыстық базалық тапсырмаларды орындай алады, соның ішінде заттарды сұрыптау, тазалау, ыдыс жуғышқа ыдыс салу және киім жинау. Figure 03 күнделікті қайталанатын сценарийлерде адамды алмастыра алатын гуманоидты көмекшіні жасауға бағытталған қадам ретінде қарастырылады. Figure 03 бойы шамамен 1,68 м, салмағы 60 кг шамасында. Қозғалу жылдамдығы 1,8 км/сағ-қа дейін жетеді, әр қолымен 10 кг пайдалы жүк көтере алады. Роботты шығару үшін Figure AI жеткізу тізбегін дайындап, конструкцияны оңтайландырды және бөлшектер саны мен құрастыру кезеңдерін қысқартты. АҚШ-тағы өндірістік желіде жылына 12 000 робот шығару жоспарланып, төрт жыл ішінде өндіріс көлемін 100 000 данаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Дереккөздер

Сілтемелер Figure 01 (робот) Figure 03 (робот)

Санат:АҚШ роботтары Санат:Андроидтар