Әбзалиев Амангелді (8 наурыз 1939 жыл, Қармақшы ауданы Жосалы ауылы – 15 қазан 2021 жыл, Қызылорда қаласы) – қоғам қайраткері, шаруашылық және өндіріс саласының ұйымдастырушысы.
Өмірбаяны Ташкент темір жол көлігі электрмеханика техникумын (1959), Мәскеу темір жол көлігі инженерлерінің Бүкілодақтық сырттай институтын (1969), КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын (1984) бітірген.
Еңбек жолын Жосалы станциясында жолшы болып бастаған. Кейін Диірментөбе станциясында бригадир қызметін атқарды. «Қызылорда сельстрой» тресінің №2 Қармақшы жылжымалы механикаландырылған колоннасында аға экономист, жоспарлау бөлімінің басшысы, бас инженер болып жұмыс істеді.
Әр жылдары Қызылорда облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, облыстық партия комитетінің құрылыс бөлімінде нұсқаушы, Қазалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының басшысы, өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі (1969–1985), Қызылорда қалалық атқару комитетінің төрағасы (1985–1989), облыстық сауда басқармасы бастығының бірінші орынбасары (1989–1991) болды.
1991–2002 жылдары «Қызылорда мұнайөнім» облыстық бірлестігінің бас директоры қызметін атқарып, өңірдің отын-энергетика және сауда саласының дамуына үлес қосты.
Марапаттары мен атақтары «Ерен еңбегі үшін» медалі (2012) Қызылорда қаласының құрметті азаматы
Әдебиеттер СЫР ЕЛІ. Энциклопедия / Бас ред. Б.С. Каримова. 2-басылым. – Алматы: «Тау-Қайнар» ЖШС, 2024 Қызылорда облысы: энциклопедиялық анықтамалық / Жалпы ред. Қ. С. Есмағамбетов. – Алматы: «Арыс», 2015. – 231-б. Қызылорда қаласының құрметті азаматтары: анықтамалық жинақ. – Қызылорда, 2018. – 97-б.