Джесси Бакли (; , Киларни, Керри, Ирландия) — ирландиялық актриса және әнші. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының BBC жасаған алты бөлімді бейімделуіндегі (2016) Марья Болконская, «Табу» (2017) мини-сериалындағы Лорна Боу, «Чернобыль» (2019) мини-сериалындағы Людмила Игнатенко және «Фарго» (2020) сериалындағы Ораэтта Мэйфлауэр рөлдерімен кеңінен танымал.
«Бөтен қыз» (2021) драмасындағы рөлімен алғаш рет «Оскар» сыйлығына үміткерлер қатарынан көрінген. Ал 2025 жылғы «Хамнет» драмасында Уильям Шекспирдің жары Агнес рөлін сомдап, «Оскар», «Алтын глобус», «Critics' Choice Awards», «Actor Awards» және BAFTA сыйлықтарын иеленді.
Өмірбаяны Балалық шағы мен білімі Джесси Бакли 1989 жылы желтоқсанда Керри графтығындағы Киларни қаласында Марина Кэссиди мен Тим Баклидің отбасында дүниеге келген. Отбасындағы бес баланың үлкені Джессидің соңынан ерген інісі мен үш қарындасы бар. Джесси Тіпперэри графтығындағы Терлс қаласында орналасқан Ursuline Secondary School қыздар мектебінде білім алған. Анасы осы мектепте вокалдан сабақ бергендіктен, ол ерте жастан мектеп қойылымдарына белсене араласады. Қыздар мектебі болғандықтан, Джессиге ерлердің де рөлдерін сомдауға тура келген: ол «Вестсайд хикаясы» мюзикліндегі Тони мен «Шахмат» қойылымындағы Фредди Трампер бейнелерін сәтті шығарып, алғашқы актерлік шеберлігін танытады. Музыкалық білімге де ерекше көңіл бөлген ол Ирландия корольдік музыка академиясында фортепиано, кларнет және арфа аспаптарын меңгерген. Ирландия мюзикл қоғамдары қауымдастығының (AIMS) жазғы курстарына қатысып жүргенде, оның таланты мамандардың назарына ілігеді. Дәл осы жерде оған Лондондағы драма мектептеріне бағын сынап көруге кеңес беріледі. Дегенмен, жолы бірден бола қоймады: «I'd Do Anything» шоуының тыңдалымына барар алдында екі бірдей драма мектебі оны оқуға қабылдаудан бас тартқан еді.
Джесси Лондондағы Корольдік драмалық өнер академиясына (RADA) оқуға түсіп, оны 2013 жылдың қаңтарында тәмамдады.
Шығармашылық жолының бастауы Джесси Баклидің мансабы 2008 жылы «I'd Do Anything» таланттар шоуына қатысудан басталды. Бұл жоба «Оливер!» мюзиклінің жаңа қойылымында Нэнси рөлін сомдайтын жас талантты іздеуге арналған болатын. Шоу барысында финалға дейін жеткен Джесси екінші орынды иеленді. Алайда, араға жылдар салып, 2026 жылы берген сұхбатында актриса сол кездегі төрешілердің тарапынан дене бітіміне қатысты орынсыз әзілдер (бодишейминг) айтылғанын және 17 жастағы қызды «нәзіктік мектебіне» жіберуі оған ауыр тигенін, өзін «зат ретінде сезінгенін» ашық айтты.
Шоудан кейін ол бірқатар қайырымдылық концерттеріне қатысып, Лондонның Гайд-паркінде Эндрю Ллойд Уэббердің туған күніне арналған салтанатты кеште өнер көрсетті. Оған «Оливер!» мюзикліндегі негізгі рөлдің дублері болу ұсынылса да, Джесси одан бас тартып, өз жолын басқа жобадан бастауды жөн санады.
2008 жылдың соңында Джесси Стивен Сондхаймның «Кішігірім түнгі музыка» (A Little Night Music) мюзиклінде Энн Эгерман рөлімен дебют жасады. Ол сахнада Морин Липман және Ханна Уэддингем сияқты танымал актрисалармен бірге өнер көрсетті.
2013 жылы Корольдік драмалық өнер академиясын (RADA) бітіргеннен кейін, Джесси Шекспирдің «Глобус» театрының жазғы маусымында «Дауыл» қойылымындағы Миранда рөлін сомдады. Көп ұзамай «Ноэл Кауард» театрында Майкл Грандадж қойған «V Генрих» спектаклінде атақты Джуд Лоумен серіктес болды. 2015 жылы Кеннет Брананың театр компаниясы сахналаған «Қысқы ертегі» қойылымында Пердита рөлін ойнады, бұл қойылым әлемнің түкпір-түкпіріндегі кинотеатрлардан тікелей эфирде көрсетілді.
Экрандағы алғашқы үлкен жетістіктері thumb|200px|right|Джесси Бакли 2019 жылдың қаңтарында
Джесси «Индевор» детективті драмасындағы эпизодтық рөлінен кейін, 2016 жылы BBC арнасының «Соғыс және бейбітшілік» жаңа экрандауында Марья Болконскаяның бейнесін сомдады."Jessie Buckley, interview: the BBC's War and Peace star on Andrew Lloyd Webber, Dame Judi Dench and competitive karaoke battles", Evening Standard, 16 December 2015 . Accessed 24 January 2016 Оның бұл жұмысын сыншылар жоғары бағалап, The Guardian басылымы актрисаның тақуа әрі қарапайым кейіпкерді «ғажайып шеберлікпен» ойнап шыққанын ерекше атап өтті. Бұдан кейін ол Том Хардимен бірге «Табу» (2017) телехикаясында, сондай-ақ «Соңғы бекет» (2017) және «Ақ киімді әйел» (2018) драмаларында басты рөлдерді атқарды.
2018 жылы Джесси Бакли «Аң» (Beast) психологиялық триллеріндегі Молл Хантфорд рөлімен үлкен экранда дебют жасады. Оның кинодағы нағыз серпілісі «Жабайы раушан» (Wild Rose) музыкалық драмасы болды. Бұл фильмде кантри-әншінің рөлін сомдаған Джесси Гластонбери фестивалінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды, ал фильмнің саундтрегі Ұлыбританияның кантри-альбомдар чартында көш бастады. Осы рөлі үшін актриса 73-ші BAFTA марапатында «Үздік актриса» номинациясына ие болды.
2019 жылы Джесси HBO және Sky UK бірлесіп шығарған, 1986 жылғы апатты баяндайтын «Чернобыль» мини-сериалында Людмила Игнатенконың рөлін сомдады. 19 номинация бойынша «Эмми» сыйлығына ұсынылған бұл жоба бүкіл әлемге танылып, Баклидің актрисалық шеберлігін жаңа биікке көтерді. Дәл осы жылы ол америкалық аңызға айналған актриса Джуди Гарлендтің өміріне арналған «Джуди» атты биографиялық драмасына түсті.
Мансабының өрлеуі 2020 жылы Баклидің қатысуымен бірден төрт туынды жарық көрді: «Дулиттл», «Тыңшылық ойыны», «Мисс мінсіздік» және Чарли Кауфманның Netflix-ке арналған «Мұның бәрін тоқтату туралы ойланып жүрмін» психологиялық триллері. Соңғысындағы рөлі үшін актриса «Готэм» сыйлығына ұсынылды. Сол жылы ол танымал «Фарго» телехикаясының төртінші маусымында мейірбике Ораэтта Мэйфлауэрдің рөлін сомдап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
2021 жылы Мэгги Джилленхолдың «Бөтен қыз» фильмінде жас Леда Карузоның рөлін ойнады. Сыншылар бұл жұмысты «нағыз жаңалық» деп бағалап, Баклиге BAFTA мен «Оскар» сыйлығының «Үздік көмекші актриса» номинацияларын алып келді.
Киномен қатар актриса театр сахнасында да биіктерді бағындырды. 2021 жылы «Кабаре» мюзиклінде Салли Боулз рөлін сомдап, 2022 жылы беделді Лоуренс Оливье сыйлығын («Үздік актриса») иеленді. Сонымен қатар, 2022 жылы гитарист Бернард Батлермен бірге «For All Our Days That Tear the Heart» альбомын шығарды. Бұл туынды Ұлыбритания чарттарында үздік 30-дыққа кіріп, беделді Mercury Prize сыйлығының шорт-листіне енді.
alt=Jessie Buckley at the 2025 Telluride Film Festival |thumb|Джесси Бакли 2025 жылғы Теллурайд кинофестивалінде|left
2022 жылы Джесси Бакли режиссер Алекс Гарлендтің «Еркектер» (Men) атты фолк-хоррор фильмінде жесір қалған әйелдің рөлін сомдады. Фильмнің тұсаукесері Канн кинофестивалінде өтіп, актрисаның Рори Киннирмен бірлескен жұмысы жоғары бағаланды. Сол жылы ол Мириам Тоувстың бестселлері негізінде түсірілген «Әйелдер сөйлейді» (Women Talking) драмасында Фрэнсис Макдорманд, Руни Мара және Клэр Фой сияқты танымал актрисалармен бірге өнер көрсетті.Сонымен қатар, Бакли Чарльз Диккенстің классикалық туындысы желісімен түсірілген «Скрудж: Рождестволық хикая» атты Netflix анимациялық фильмінде кейіпкерлердің бірін дыбыстады.
2023 жылы актриса Оливия Колманмен қайта жұмыс істеп, Теа Шэрроктың «Қарғыс атқан хаттар» (Wicked Little Letters) комедиясына түсті. Дәл осы жылы ол «Тырнақтар» (Fingernails) фильмінде Кэри Маллиганның орнына басты рөлге бекітіліп, Риз Ахмед және Джереми Аллен Уайтпен серіктес болды. Бұл екі туындының да тұсаукесері 2023 жылғы Торонто халықаралық кинофестивалінде өтті.
2023 жылдың мамырында Джесси Баклидің Хлоя Чжаоның «Гамнет» тарихи драмасында Пол Мескалмен бірге басты рөл сомдайтыны белгілі болды. Америка кино институтының (AFI) нұсқасы бойынша 2025 жылдың үздік он фильмінің қатарына енген бұл туынды сыншылардың жоғары бағасын алды. Баклидің Агнес Шекспир рөліндегі шеберлігі нағыз феноменге айналды: Rolling Stone басылымы оның бұл рөлі туралы адамдар әлі талай жыл айтып жүретінін жазса, New York Post актрисаның кейіпкерін «бірде шойындай берік, бірде фарфордай нәзік» деп сипаттап, оның сенгісіз актерлік қуатына таңдай қақты.
Бұл рөл актрисаға әлемдік деңгейдегі триумф алып келді. Бакли «Алтын глобус», «Critics' Choice», «Actor Awards» және BAFTA марапаттарының барлығында «Үздік актриса» санатында жеңіске жеткен алғашқы ирландиялық актриса атанды. Сонымен қатар, Джесси Бакли «Оскар» сыйлығын иеленіп, бұл беделді марапатты алған тұңғыш ирландиялық актриса ретінде тарихқа енді.
Болашақ жобалары 2026 жылдың ақпанында актрисаның алдағы үлкен жобасы белгілі болды: ол Одри Ниффенеггердің «Three Incestuous Sisters» романының экрандауында басты рөлдердің бірін сомдайды. Бұл туындыда Бакли Дакота Джонсон және Сирша Ронанмен бірге апалы-сіңлілі қыздардың бейнесін сомдап, Джош О’Коннормен серіктес болады. Режиссер Алиса Рорвахер тізгінін ұстаған бұл жобаның түсірілімі 2026 жылдың сәуірінде басталмақ.
Киномен қатар Бакли музыкалық шығармашылығын да жалғастыруда. 2026 жылдың наурызында оның The Pogues тобының фронтмені Шейн Макгоуэнге арналған «20th Century Paddy – The Songs of Shane MacGowan» атты трибьют-альбомына қатысатыны хабарланды. Бұл жинақта Джесси әйгілі Hozier-мен бірге дуэт орындайды. Брюс Спрингстин мен Том Уэйтс сияқты аңыздардың басын қосқан бұл альбом 2026 жылдың 13 қарашасында жарық көреді деп жоспарланған.
Қоғамдық имиджі
Джесси Бакли тәуелділіктен айығу жолындағы жандарға қолдау көрсететін The Matt Talbot Community Trust қайырымдылық қорының елшісі болып табылады.
Ол телевизиялық бағдарламалардың жиі қонағы болып, онда өзінің әншілік талантын да көрсетіп тұрады. Мәселен, 2019 жылы ол «The Late Late Show» бағдарламасында «Жабайы раушан» фильмінің саундтрегіне енген Эммилу Харристің «Boulder to Birmingham» әнін орындады.
Баклидің «Оскар» сыйлығының «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алған тұңғыш ирландиялық актриса ретіндегі тарихи жетістігі ерекше бағаланды. Ирландия президенті Кэтрин Коннолли бұл оқиғаны «тарихи сәт» деп атап, актрисаны шын жүректен құттықтады. Президент Баклидің кино мен театр өнеріне қосқан зор үлесін жоғары бағалап, оның еңбегі ел мақтанышы екенін атап өтті.
Жеке өмірі 2022 жылғы мәлімет бойынша, Джесси Бакли Англияның Норфолк графтығында тұрады. 2023 жылдың ортасында ол бұрынғы телепродюсер, қазіргі уақытта психикалық денсаулық саласының маманы Фредди Соренсенге тұрмысқа шықты. 2025 жылы ерлі-зайыптылардың қызы дүниеге келді.
2026 жылдың наурызында BBC Radio 4 арнасының «Desert Island Discs» бағдарламасына қатысқан Бакли жасөспірім шағында депрессиямен және тамақтану бұзылысымен (eating disorder) күрескенін ашық айтты. Актрисаның сөзінше, бұл қиындықтарды жеңіп шығуға оның актерлік өнер мен музыкаға деген ерекше құштарлығы көмектескен.
Фильмография Кино
Телевизия
Дискографиясы Бірлескен альбомдары (Бернард Батлермен бірге) — (2022)
Саундтрек альбомдары («Жабайы раушан» фильміне арналған) — (2019)
Марапаттары мен номинациялары Марапат Жыл Санат Жұмыс Нәтиже «Оскар»2022Үздік көмекші актрисаБөтен қыз2026Үздік актрисаХамнет Алтын глобус2026Үздік актриса — драмаХамнет BAFTA2019«Үміт күттіретін жас жұлдыз»2020Үздік актрисаЖабайы раушан2022Үздік көмекші актрисаБөтен қыз Actor Awards2023 Көркем фильмдегі үздік актерлік құрамӘйелдер сөйлейді2026 Басты рөлдегі үздік актрисаХамнет «Спутник»2021 Телевизиядағы үздік көмекші актрисаФарго 2026 Үздік көмекші актриса — драмаХамнет «Critics' Choice»2023 Үздік көмекші актрисаӘйелдер сөйлейді Үздік актерлік құрамКанн кинофестивалі2021 Chopard Trophy Тәуелсіз рух2022Үздік көмекші актрисаБөтен қыз2023Роберт Олтмен атындағы сыйлықӘйелдер сөйлейді
Сыртқы сілтемелер
Джесси Бакли Британ кино институтының (BFI) базасында Дереккөздер
Санат:Үздік актриса үшін Оскар сыйлығының иегерлері Санат:Алтын глобус сыйлығының иегерлері Санат:BAFTA марапаты иегерлері Санат:Спутник сыйлығының иегерлері Санат:Тәуелсіз рух сыйлығының иегерлері