Қоңыр Мұратбекұлы Бөгембаев (1 наурыз 1923 жыл – 2 қыркүйек 1986 жыл) — Ұлы Отан соғысының ардагері, пулеметші.

Өмірбаяны 1923 жылы 1 наурызда қазіргі Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Түймекент ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, білімге құштар болған. Түймекент ауылындағы мектепте оқып, білім алған. 1938 жылы мектепті аяқтаған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Ұлы Отан соғысында 1941 жылдың желтоқсанынан 1943 жылдың сәуір айына дейін 10 гвардиялық атқыштар полкінің және 7 атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысқан. 1941 жылы қаңтар-желтоқсан айларында пулеметшілер взводының командирінің көмекшісі курсын аяқтаған. 1942 жылы Махачқала қаласында пулеметшілерді дайындайтын алты айлық курсты бітіріп, лейтенант шенін алып шыққан. 1943 жылы алғашында пулеметшілер взводының, кейін пулеметшілер ротасының командирі болды. 1944 жылдың маусым айынан 1946 жылдың маусым айына дейін Қытай халық республикасында Кеңес әскерінің 35328 бөлімінде Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті штаб бастығы қызметін атқарды. 1946 жылы елге аға лейтенант дәрежесінде оралды.

Еңбек жолы Ұлы Отан соғысына дейін 1938–1940 жылдары МТС жанынан құрылған трактор бригадасының есепшісі болып қызмет атқарған. Соғыстан кейін 1946 жылы Байзақ аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, аудандық қаржы бөлімінің салалық агенті қызметін атқарды. 1948–1965 жылдары Буденновка ауылдық кеңесінің хатшысы және 1965–1972 жылдары аралығында сол кеңестің төрағасы болды. 1973–1983 жылдары Александр Львович Нахманович басқарған «Трудовой пахарь» ұжымшарында кадр бөліміне басшылық етті. 1983 жылы зейнетке шығып, 1986 жылы 2 қыркүйекте қайтыс болды.

Марапаттары I, II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Қытай Халық республикасының I дәрежелі «Алтын» орденімен, «Германияны азат еткені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және мерекелік медальдармен марапатталған. Қазіргі таңда Түймекент ауылында бір көшеге есімі берілген.

Дереккөздер

Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары