«Қола домбыра» — жас ақындарының республикалық айтысы. Айтыс «El Umiti» корпоративтік қорының бастамасымен мектеп оқушылары арасында өткізіледі және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Айтыс 2024 жылдан бері өткізіліп келеді.
Тарихы 2024 жылғы қыркүйек–қараша айлары аралығында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен бірлесіп, Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында алғаш рет «Қола домбыра-2024» республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтысқа алдын ала іріктеуден өткен 12–18 жас аралығындағы 22 мектеп оқушысы қатысты. Қатысушылардың өнерін Ринат Зайыт, Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназар, Иран-Ғайып Күзембаев және Азамат Онайбаев бағалады. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері құрметті қонақ ретінде қатысты. Айтысты ақын-айтыскер Мейірбек Сұлтанхан жүргізді. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен марапатталды, ал лауреаттардың бірі «Алтын домбыра» республикалық айтысына жолдама алды.
2025 жылғы қазан–қараша айлары аралығында Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Қола домбыра-2025» республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Іс-шараға республиканың 10–18 жас аралығындағы 22 мектеп оқушысы қатысты. Қатысушылардың өнерін белгілі мәдениет қайраткерлері мен айтыскер ақындар бағалады. Айтыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар жүлделі орындарға ие болып, ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Мақсаты мен міндеттері «Қола домбыра» жас ақындарының республикалық айтысының негізгі мақсаты – айтыс өнерін Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының маңызды құрамдас бөлігі ретінде жан-жақты қолдау және дамыту, сондай-ақ дарынды жастарды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға қолдау көрсету.
Айтыстың міндеттері: айтыс өнерін келер ұрпаққа жеткізу, оның одан әрі дамуына және сапалық деңгейінің артуына ықпал ету; мемлекеттік тілді көркем сөз бен жоғары деңгейдегі поэзия арқылы дамыту және тереңдету; дарынды жас ақындарға ақындық шеберлігін шыңдауға және қалың жұртшылыққа танылуына мүмкіндік жасау.
Алғашқы кезеңде Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы өңірлік іріктеу кезеңін өткізеді. Оның қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірінен үздік жас айтыскерлер Астана қаласына шақырылып, айтыстың негізгі кезеңдеріне қатысады. Айтыс бірнеше кезеңнен тұрады, оған іріктеу және финалдық сайыстар кіреді. Қатысушылар жұптарға бөлініп, дәстүрлі айтыс үлгісінде суырыпсалма ақындар сайысына түседі.
Қатысушылардың өнерін белгілі айтыскер ақындар мен мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Бағалау мынадай негізгі өлшемдер бойынша жүргізіледі: орындаушылық шеберлігі мен даралығы; әдеби тілдің байлығы мен көркемдігі; сахна мәдениеті; берілген тақырыпты аша білуі және ұйқасты шебер қолдануы; айтыстың дәстүрлі орындау үлгілерін сақтай отырып қолдануы; суырыпсалмалық қабілеті және қарсыласының сөзіне ұтымды жауап қайтара білуі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылар табысталады. Бас жүлде иегеріне арнайы әзірленген «Қола домбыра» музыкалық аспабы тапсырылады.
Дереккөздер
Санат:Айтыс