Қазақстан Республикасының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы – саяси қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық және саяси тұрғыдан ақтау саласындағы тәуелсіз Қазақстан жүзеге асырған ең ауқымды мемлекеттік жобалардың бірі.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметі Қазақстандағы тарихи сананы жаңғырту саясатының маңызды кезеңдерінің біріне айналды. Ауқымды архивтік жұмыстардың жүргізілуі, миллиондаған құжаттардың құпиясыздандырылуы, жүз мыңдаған азаматтың ақталуы және іргелі құжаттық базаның қалыптастырылуы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті.

Құрылуы Комиссия Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы № 456 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Оның қызметі 2020-2023 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Мемлекеттік комиссияға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин төрағалық етті. Комиссия құрамына Президент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, Қазақстанның жетекші ғалымдары, тарихшылар, архив мамандары және қоғам қайраткерлері енді.

Ерлан Қариннің ҚазАқпаратқа берген сұхбатынан:

Зерттеу жұмысы Мемлекеттік комиссияның жұмысы тартылған мамандар саны жағынан да, зерттеліп, өңделген архивтік материалдардың көлемі жағынан да бұрын-соңды болмаған ауқымымен ерекшеленді. Қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында өңірлік комиссиялар құрылды және оның құрамына 264 ғалым, зерттеуші және сарапшы енді. Жалпы алғанда Мемлекеттік комиссияның қызметіне 425 маман атсалысты. Зерттеу жұмыстары Қазақстанның барлық өңіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте жүргізілді.

Ауқымды жұмыстардың қорытындысы бойынша ведомстволық архивтерден 2,5 миллионнан астам құжат құпиясыздандырылды, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды, сондай-ақ ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша бірегей дерекқор қалыптастырылды.

Мемлекеттік комиссия қызметінің негізгі нәтижелерінің бірі көлемі 72 томды құрайтын бірыңғай ғылыми басылымдар сериясын дайындау болды. Бұл серия Қазақстандағы 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты құжат материалдарының бүгінге дейінгі ең толық жинағы болып саналады және одан әрі жүргізілетін зерттеулер үшін біріздендірілген әрі ғылыми тұрғыдан тексерілген дереккөз қызметін атқарады.

2023 жылғы 12 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мемлекеттік комиссияның жетекшілігімен жарық көрген саяси қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттарының тарихына арналған құжаттар мен материалдар жинағының алғашқы 31 томы таныстырылды.

2023 жылғы 26 желтоқсанда Мемлекеттік комиссия қорытынды отырысын өткізіп, өз жұмысының нәтижелерін түйіндеді.

2024 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің №438 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы өзіне жүктелген міндеттерді орындап, қызметін тоқтатты.

Комиссия қызметтің институционалдық жалғасы

Мемлекеттік комиссия жұмысының аяқталуы осы бағыттағы зерттеулердің тоқтатылғанын білдірмейді. 2021 жылдың өзінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы құрылды. Орталық Мемлекеттік комиссияның институционалдық мұрагеріне айналды және оның ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарын жалғастырды.

2022-2023 жылдары Орталыққа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Бас прокуратураның арнайы архивтерінен 1930-1950 жылдарға қатысты материалдар тапсырылды. Келіп түскен құжаттардың жалпы көлемі шамамен 700 мың сақтау бірлігін құрады. Олардың қатарында қылмыстық істер, есепке алу карталары және бұрын құпия сақталған өзге де материалдар бар.

Қысқа ғана уақыт ішінде Орталық мамандары: шамамен 170 мың архивтік істі сараптамадан өткізді; азаматтар мен зерттеушілерден келіп түскен 4,5 мыңға жуық архивтік сұрауды өңдеді; бұрын қолжетімсіз болған ауқымды құжаттар қорын одан әрі ғылыми айналымға енгізуді қамтамасыз етті.

Архивтік зерттеулерді жалғастыру отандық тарих ғылымы үшін үлкен маңызға ие жаңа нәтижелер алуға жол ашты. 2023 жылғы 31 мамырда Қазақстан Президенті ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жұмысымен танысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты іргелі 12 томдық құжаттар жинағын дайындады. Бұл басылымда «Алаш» қозғалысының тарихына қатысты кең ауқымды архивтік құжаттар кешені алғаш рет жүйеленіп ұсынылды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында бұрын белгісіз болған тарихи дереккөздер де анықталды. Атап айтқанда, Семей қаласының архивтерінен Әлихан Бөкейхан қол қойған хат-хабарлама табылды.

Сонымен қатар, көрнекті қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын белгісіз болған «Әзір өлмеймін» атты шығармасы табылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласында өткен II отырысында сөйлеген сөзінде бұл туралы былай деді:

Дереккөздер

Санат:Саяси қуғын-сүргін құрбандары