Фридрих Карл Рудольф Бергиус (; 11 қазан 1884, Злотники, Пруссия — 30 наурыз 1949 немесе 31 наурыз 1949, Буэнос-Айрес) — неміс химик-технолог және 1931 жылы химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (Карл Бошпен бірге).
Өмірбаян Фридрих Бергиус шағын химиялық зауыт иесінің отбасында дүниеге келген. Ол әкесінің жетекшілігімен өнеркәсіптік химияны үйренді, ал мектепті бітіргеннен кейін әкесі оны алты айға Рурдағы металлургиялық зауытқа тағылымдамадан өтуге жіберді.
1903 жылы Бергиус Бреслау университетіне түсіп, онда Альберт Ладенбург пен Ричард Абеггтің қол астында химияны оқыды. Келесі жылы әскери қызметте болып, Лейпциг университетіне түсті. Онда Артур Ханцтың жетекшілігімен 1907 жылы ол концентрацияланған күкірт қышқылын еріткіш ретінде пайдалану бойынша докторлық диссертация қорғады.
Осыдан кейін Бергиус өзін өнеркәсіптік химияға арнауды шешті және келесі екі жылды алдымен Берлинде Вальтер Нернстпен, содан кейін Фриц Хабермен бірге газ реакцияларының химиялық тепе-теңдігін, атап айтқанда аммиак синтезін зерттеп өткізді.
1909 жылы Бергиус кальций пероксидінің термиялық диссоциациясын зерттеді. 1910 жылы Бергиус әкесінің қаражатымен Ганновер техникалық университетіндегі химиялық зертхананы жабдықтады және бір семестр бойы газ реакцияларының технологиясы, тепе-теңдік теориясы және металлургиялық процестер бойынша дәріс оқыды. Онда, 1912—1913 жылдары, ол көмір мен ауыр мұнайды жоғары қысымда термиялық гидрогенизациялау әдісін (Бергиус процесі) жасады.
1915 жылы Бергиус өз қаражатын және екі компанияның қаржылық қолдауын пайдаланып, Рейнауда (Мангейм маңында) көмірді гидрогенизациялау қондырғысын салды. Алайда, Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін көмірден мотор отынын алудың өзектілігі төмендеп, Бергиус жобасын жүзеге асыру кейінге қалдырылды. 1925 жылы ол өзінің патенттерін BASF-қа сатты, ал көмірді гидрогенизациялау бойынша жұмысын Карл Бош жалғастырды. 1928 жылы Лойна қаласында көмір майын өндіретін зауыт салынды. 1931 жылы Бергиус пен Карл Бош химия саласындағы Нобель сыйлығын «химияда жоғары қысымды әдістерді енгізу және дамытудағы қызметтері үшін» бірлесіп алды.
Осы кезде Бергиус тұз қышқылының әсерінен целлюлозаның гидролиз процесін зерттей бастады. «Ағаштан тамақ алу» деп аталатын бұл процессте қанттар түзіледі, оны өз кезегінде спиртке немесе тағамдық ашытқыға айналдыруға болады. Бұл жұмыстардың нәтижесі 1935 жылы Рейнауда ағаш спиртін шығаратын зауыттың құрылысы болды.
Бергиус әдісі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германияда синтетикалық бензиннің айтарлықтай мөлшерін алу үшін қолданылды. Олар Бергиус туралы: «Ол көмірден бензин, ал ағаштан тамақ алды», — деді.
Соғыстан кейін Бергиус Германияда лайықты жұмыс таба алмады және алдымен Аустрияда қысқа уақыт тұрып, Испанияға көшіп, химиялық компания құрды. 1947 жылы Аргентина үкіметінің шақыруымен ол сол жерге көшіп, Өнеркәсіп министрлігінде ғылыми кеңесші болып жұмыс істеді.
Сілтемелер БЕРГИУС, ФРИДРИХ Фридрих Бергиус Санат:Гейдельберг ғылым академиясының мүшелері Санат:Германия химиктері Санат:Химиядан Нобель сыйлығының иегерлері Санат:Вроцлав университеті түлектері