Музыкалық туындыларды сертификаттау — бұл белгілі бір аудиотуындының белгіленген тираж көлемінде жөнелтілгенін, сатылғанын немесе стриминг платформаларында тыңдалғанын растайтын ресми салалық жүйе. Сертификаттаудың шекті көрсеткіштері өнімнің түріне (альбом, сингл, бейнеклип) және ел немесе аймақ ерекшелігіне қарай әр түрлі болады.

Әлемдегі барлық дерлік елдер бағалы металдардың атауымен аталтын (алтын, платина және гауһар) RIAA сертификаттауы санатының әртүрлі нұсқаларын қолданады.

Бұл атақтарға ие болу үшін қажетті сатылым көрсеткіші өнім шығарылған аймақтың халық санына тікелей байланысты. Әдетте, мұндай марапаттар тек халықаралық релиздерге беріліп, альбом сатылатын әрбір жеке ел тарапынан жекелей табысталады. Сонымен қатар, музыка медиасының түрлеріне қарай (мысалы, бейнежазбалар мен альбомдар, синглдер немесе тректерді жүктеп алу) сатылым деңгейлері әртүрлі болып келеді, тіпті кейбір санаттардың талабы өзара он есеге дейін ерекшеленуі мүмкін.

Тарихы Бастапқы кезде алтын және күміс диск марапаттарын әртістерге өздерінің дыбыс жазу компаниялары сатылым жетістіктерін жария ету үшін табыстаған. Алғашқы күміс дискіні 1937 жылы желтоқсанда Regal Zonophone компаниясы Джордж Формбиге «The Window Cleaner» әнінің 100 000 тиражы сатылғаны үшін табыс етті.

Алғашқы шынайы алтын диск марапатын RCA Victor (Bluebird Records қосалқы лейблы арқылы) 1942 жылы 10 ақпанда Гленн Миллер мен оның оркестріне «Chattanooga Choo Choo» синглінің 1,2 миллион данасы сатылуын атап өту үшін ұсынды.

Компания марапаттарының басқа да мысалдары ретінде 1956 жылы RCA Victor компаниясы Гарри Белафонтеге «Calypso» альбомының бір миллионнан астам данасы сатылған алғашқы LP (ұзақ ойналатын) пластинка болғаны үшін және Элвис Преслиге «Don't Be Cruel» атты RCA Victor синглінің бір миллион данасы сатылғаны үшін берген алтын дискілерін атауға болады. Сондай-ақ 1956 жылы Decca лейблы Джерри Льюиске «Rock-a-Bye Your Baby with a Dixie Melody» синглі үшін алтын диск марапатын табыстады.

Индустрия деңгейінде, 1958 жылы Америка дыбыс жазу индустриясының қауымдастығы (RIAA) бөлшек саудада бір миллион доллар табыс тапқан кез келген түрдегі жазбаларға, яғни альбомдар мен синглдерге арналған алтын диск марапаттау бағдарламасын енгізді. Бұл сатылымдар АҚШ-та орналасқан дыбыс жазу компанияларымен шектелді және басқа елдерге экспортты қамтымады. 1968 жылғы көрсеткіш бойынша альбомдар үшін бұл ішкі нарықта шамамен 670 000 данасын жеткізуді талап етсе, синглдер үшін бұл көрсеткіш 1 000 000 дананы құрады.

1976 жылы RIAA альбомдар үшін бір миллион, ал синглдер үшін екі миллион дана сатылымына арналған платина сертификатын енгізді, ал алтын сертификат альбомдар үшін 500 000 дана сатылымына қарай қайта өзгертілді (синглдер үшін бір миллион күйінде қалды). Бұл жылға дейін бірде-бір альбомға платина сертификаты берілмеген болатын. Ван Клибернның 1958 жылы RCA Victor студиясында жазылған Чайковскийдің фортепианолық концерті кейіннен платина сертификатына ие болды, бірақ бұл ол шыққаннан кейін екі онжылдық өткен соң ғана орын алды. 1999 жылы он миллион дана сатылымы үшін гауһар сертификаты енгізілді. 1980 жылдардың соңында синглдерге арналған сертификаттау шектері альбомдардың деңгейімен теңестіру мақсатында төмендетілді.

RIAA сертификаттауы

Америка дыбыс жазу индустриясының қауымдастығы (RIAA) «алтын дискі» ресми атағы алғаш рет 1958 жылы синглдер үшін енгізілді, сондай-ақ RIAA бұл атауды АҚШ аумағында ресми түрде сауда белгісі ретінде тіркеді. 1958 жылы 14 наурызда RIAA өз тарихындағы алғашқы алтын диск сертификатын Перри Комоның «Catch a Falling Star» атты хит-сингліне берді. Төрт ай өткен соң «Oklahoma!» мюзиклінің саундтрегі алғашқы алтын альбом болып ресми түрде расталды. 1976 жылы RIAA платина сертификатын таныстырды, бұл атақ тұңғыш рет 1976 жылы 24 ақпанда Eagles тобының «Their Greatest Hits (1971–1975)» жинақ альбомына, ал 1976 жылы 22 сәуірде Джонни Тейлордың «Disco Lady» сингліне табысталды. Компакт-дискілердің пайда болуымен музыка сатылымы арта түскендіктен, RIAA 1984 жылы «Мультиплатина» марапатын дүниеге әкелді. Ал синглдері немесе альбомдары 10 000 000 данаға жеткен әртістерді мадақтайтын гауһар (Diamond) марапаттары 1999 жылы енгізілді.

XX ғасырда және XXI ғасырдың алғашқы онжылдығының біраз бөлігінде дистрибьюторлардың өнімдерді көтерме саудадан бөлшек сауда нүктелеріне жөнелту көлеміне негізделген сертификаттарды талап етуі қалыпты жағдай еді. Бұл түпкілікті бөлшек саудадағы нақты сатылым көрсеткіштерінен әлдеқайда асып түсетін көптеген сертификаттаулардың пайда болуына әкелді. Кейіннен бөлшек сауданың негізгі бөлігі ақылы цифрлық жүктеулер мен стримингке көшкен соң, мұндай жағдайлар сирек кездесетін болды.

Цифрлық медианы сертификаттау Көптеген елдерде сертификаттау тек физикалық тасымалдағыштармен шектелмей, қазіргі таңда цифрлық жүктеулерді де қамтитын сатылым марапаттарын (АҚШ пен Ұлыбританияда 2004 жылдан бастап) қамтиды. 2006 жылы маусымда RIAA сонымен қатар әндердің рингтон (қоңырау үні) жүктеулерін де сертификаттай бастады. АҚШ-та 2013 жылдан бері, ал Ұлыбритания мен Германияда 2014 жылдан бері Apple Music, Spotify, Tidal және Napster сияқты сұраныс бойынша жұмыс істейтін стриминг қызметтері қолданыстағы цифрлық сертификаттау жүйесіне енгізілді. АҚШ пен Германияда YouTube, VEVO, Xite және Yahoo! Music сияқты бейнестриминг қызметтері де сертификаттау барысында есепке алына бастады, мұнда екі жағдайда да 100 тыңдалым/қаралым бір жүктеуге теңестірілетін формула қолданылды. Ал Дания мен Испания сияқты басқа кейбір елдер цифрлық жүктеу синглдері мен стриминг үшін бөлек марапат түрлерін сақтап отыр.

Сертификаттау шектері Төменде Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Канада және Франция елдеріне арналған сертификаттау шектері келтірілген. Кестелердегі сандар белгілі бір тасымалдағыштың бір сатылымын немесе бір жөнелтілімін білдіретін «бірліктермен» (units) берілген. Сертификаттар көбінесе жиынтық түрде беріледі, сондықтан бір релиздің кезегімен күміс, алтын және платина атақтарына ие болуы ықтимал. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында 2 000 000 данасы сатылып, екі мәрте платина мәртебесін алған альбом «Қос платина» (Double Platinum), ал кейде «Мультиплатина» деп аталады. АҚШ-та 2013 жылдан бері, ал Ұлыбритания мен Германияда 2014 жылдан бері әндерді стриминг арқылы тыңдау синглдерді сертификаттау кезінде есепке алына бастады, мұнда 150 тыңдалым 1 сатылған синглге немесе бір альбомның оннан біріне теңестіріледі. 2016 жылдың ақпанынан бастап RIAA Алтын және Платина альбом марапаттарына сұраныс бойынша қолжетімді аудио және видео стримингтерді, сондай-ақ трек сатылымының эквивалентін қосты. Бұл бағдарлама сингл мен альбомды сертификаттау кезінде сатылымдарды да, стримингтерді де бірдей есепке алады.

Америка Құрама Штаттары Тасымалдағыш Алтын Платина Гауһар Альбом 500,000 1,000,000 10,000,000 Сингл 500,000 1,000,000 10,000,000 Бейнеклип 50,000 100,000 1,000,000

Ұлыбритания Тасымалдағыш Күміс Алтын Платина Альбом 60,000 100,000 300,000 Сингл 200,000 400,000 600,000 Бейнеклип 25,000 50,000 75,000

Канада Тасымалдағыш Алтын Платина Гауһар Альбом 40,000 80,000 800,000 Сингл 40,000 80,000 800,000 Бейнеклип 5,000 10,000 100,000

Франция Тасымалдағыш Алтын Платина Гауһар Альбом 50,000 100,000 500,000 Сингл 75,000 150,000 250,000 Бейнеклип 7,500 15,000 60,000

Дереккөздер

Санат:Музыкалық индустрия