«Wanna Be Startin’ Somethin’» () — америкалық музыкант Майкл Джексонның алтыншы студиялық альбомы Thriller-ден шыққан төртінші сингл. Әнді Джексон өзінің алдыңғы Off the Wall альбомы үшін жазған, кейін 1982 жылы Thriller альбомы үшін қайта жазып шығарған. Әннің продюсерлері — Куинси Джонс пен әншінің өзі. Ән мәтіні өсек-аяң мен бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы бағытталған.

Композицияны сыншылар негізінен оң бағалап, ол коммерциялық тұрғыдан да табысты болды. Бұл Джексонның Thriller альбомынан шыққан, Billboard чарттарының үздік ондығына енген төртінші хиті болды. Ән Billboard Hot 100 және R&B Singles чарттарында бесінші орынға көтерілді. «Wanna Be Startin’ Somethin’» одан кейін шыққан «Human Nature» синглінен де табысты болды: «Human Nature» Hot 100 чартында тек жетінші орынға жетті. Ән чарттарға екі рет қайта оралды: 2008 жылы Thriller 25 альбомының қайта шығарылуына байланысты және 2009 жылы әншінің қайтыс болуына байланысты. Эйконмен бірге жазылған «Wanna Be Startin’ Somethin’ 2008» атты осы композицияның ремиксі Thriller 25 альбомынан шыққан екінші сингл болды.

Thriller альбомының алдыңғы екі синглі — «Billie Jean» және «Beat It» әндерінен айырмашылығы, «Wanna Be Startin’ Somethin’» әніне бейнеклип түсірілген жоқ. 2012 жылғы қыркүйекте Джексонның YouTube-тағы ресми арнасында Bad World Tour гастрольдік туры кезінде орындалған осы әннің концерттік нұсқасы жарияланды.

Жасалу тарихы Музыка сыншысы Нельсон Джордждың пікірінше, «Wanna Be Startin’ Somethin’» әні Джексонның 1974 жылы Африкаға жасаған сапарының ықпалымен жазылған. Ол ағаларымен бірге Сенегалдағы Горе аралына барған. Сол жерде сенегалдық барабаншылардың ойынын естіп, кейін жазылған композицияға мәдениетаралық сипат берген. 1979 жылы Jet журналына берген сұхбатында Джексон: «Мен қара нәсілділерді әрдайым жер бетіндегі ең талантты нәсіл деп санайтынмын. Бірақ Африкаға барғанымда, бұған одан сайын көзім жетті. Олар керемет дүниелер жасайды, ырғақты сезінеді. Мен соқпалы аспаптардың шын мәнінде қайдан шыққанын көрдім. Қара нәсілділердің өздерінің қайдан шыққанын, музыкамыздың қайдан пайда болғанын ұмытқанын қаламаймын. Мұның ұмыт болғанын қаламаймын», — деді.

Ән 1978 жылы Джексонның Off the Wall альбомы үшін «Don’t Stop ’Til You Get Enough» және «Workin' Day and Night» композицияларымен шамамен бір уақытта жазылып, дыбысжазбаға түсірілді. 1982 жылы әнші оны Thriller альбомы үшін қайта жазды. Пернеліші Род Темпертонның айтуынша, «Wanna Be Startin’ Somethin’» альбомның трек-тізіміне алғаш таңдалған үш әннің бірі болды. Сонымен қатар ол альбом үшін әншінің өзі жазған төрт композицияның біріне айналды.

Джексон ырғақтың аранжировкасын өзі жасады, барабанда перкуссияшы Паулино да Коста ойнады, ал үрмелі аспаптардың аранжировкасын Джерри Хэй жасады. 1999 жылы TV Guide журналына берген сұхбатында Джексон «Wanna Be Startin’ Somethin’» әнінің альбомға енгізілген нұсқасына көңілі толмағанын мойындады. Әнші студияда жұмыс істеу барысында композицияға қатысты барлық ойларын толық жүзеге асыра алмағанын түсіндірді.

Композицияның ерекшеліктері «Wanna Be Startin’ Somethin’» — орташа ширақ қарқында жазылған, ми мажор тональділігіндегі композиция. Ән синтетикалық барабан соққысынан басталып, одан кейін хуктар мен полиритмия толқыны жалғасады. Джексонның вокалын клавишті аспаптар, кіші барабандар және валторналар толықтырады. 1983 жылы Newsweek журналында әнге мынадай сипаттама берілген: «Қол шапалақтары, шаншыла естілетін үрмелі аспаптардың үні. Перкуссия карнавалы. Электргитаралар африкалық барабандар оркестрі сияқты естіледі».

Мәтінде Джексон өсек пен бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы шығады. Slant Magazine басылымында бір қарағанда қарапайым болып көрінетін әннің шын мәнінде басқа бірнеше композицияға жасалған сілтемелері бар күрделі «музыкалық гобелен» екені атап өтілген. «Wanna Be Startin’ Somethin’» әнінде Джексон камерундық музыкант Ману Дибангоның «Soul Makossa» әнінің қайырмасының бір бөлігін пайдаланған: «Mama-say mama-sah ma-ma-coo-sah». Бұл үзіндіні суахили тілінде орындалады деп жиі қате есептейді, алайда шын мәнінде ондағы сөздер дуала тіліне негізделген. Джексон бастапқыда бірқалыпты орындалатын Дибангоның қайырмасының ырғағын жылдамдатып, оны жоғарырақ дауыспен орындаған. «Wanna Be Startin’ Somethin’» әнінің мәтінінде Джексонның «Billie Jean» әніне сілтеме жасалған: «Billie Jean is always talkin'/When nobody else is talkin'/Tellin' lies and rubbin' shoulders/So they called her mouth a motor» (). Pitchfork журналының рецензенттері әннің жанрлық әртүрлілігін атап өтті: аздап фанк пен диско, агрессивті математикалық рок, эксперименттік және африкалық танымал музыка элементтері.

Синглдың шығарылымы және сын «Wanna Be Startin’ Somethin’» 1983 жылы 8 мамырда сингл ретінде шығарылып, 7 және 12 дюймдік винил пластинкалар сатылымға түсті. Жапонияда 7 дюймдік синглде өңделген аспаптық нұсқасы жеке шығарылды. Ән Джексонның Thriller альбомынан Billboard чарттарының үздік ондығына енген төртінші хиті болды және Billboard Hot 100 мен R&B Singles чарттарында бесінші орынға көтерілді. «Wanna Be Startin’ Somethin’» кейін шыққан «Human Nature» синглінен де жоғары нәтиже көрсетті, ол Hot 100 чартында тек жетінші орынға жетті. Композиция АҚШ-та платина, ал Ұлыбританияда күміс сертификат алды.

«Rolling Stone» журналының сыншысы Кристофер Коннелли әнді «шайқасқа толы әрі гиперактивті» деп атады. «Ән бақылаудан шығып бара жатқандай әсер қалдырады», — деп жазды Коннелли. Кейін басылым журналистері: «Композицияны ашатын және бүкіл ән бойымен өтетін толқынды бас сызығы мен әншінің дауысы арқылы орындаушының жан дүниесінің тереңдігін сезінуге болады», — деп атап өтті. «Billboard» журналында ән «барабан машинасының тынымсыз дыбысы, серпімді бас сызығы және Джексонның табанды, дерлік агрессивті вокалы» деп сипатталды. Newsweek журналында ән «музыкалық аласапыранның алты минуты» деп аталды. Көптеген сыншылар «Wanna Be Startin’ Somethin’» әнін әншінің паранойя мен қараңғы қиялдар тақырыбын алғаш ашқан композицияларының бірі деп атап өтті. AllMusic порталының рецензенті Стивен Томас Эрльюин «есалаң» «Wanna Be Startin’ Somethin’» әнін «Billie Jean» әнімен қатар Thriller альбомындағы үздік композициялардың бірі деп атады: «Бұл альбомдағы ең жаңа фанк қана емес, Джексонның осы уақытқа дейін жазған ең қорқынышты композициясы». Pitchfork журналисті Джексонның бұл композициясын әлемдегі ең ұлы әнді жазғысы келетіндерге арналған «оқулық» деп атады.

Ән «Грэмми» сыйлығына «Үздік ритм-энд-блюз әні» номинациясы бойынша ұсынылды, бірақ бұл номинацияда Джексонның тағы бір композициясы — «Billie Jean» жеңіске жетті. 2015 жылы «Wanna Be Startin’ Somethin’» Pitchfork журналының нұсқасы бойынша «1980-жылдардың 200 үздік әні» тізімінде екінші орынға ие болды.

Концерттік қойылымдар Бейне «Wanna Be Startin’ Somethin’» 1984 жылы The Jacksons тобының Victory концерттік турын, сондай-ақ әншінің 1987–1989 жылдардағы Bad World Tour жеке турын ашқан ән болды. Композиция Джексонның 1992–1993 жылдардағы Dangerous World Tour және 1996–1997 жылдардағы HIStory World Tour турларында орындалды. Ол 1996 жылы шілдеде Бруней сұлтанының туған күніне арналған тегін концерттің бағдарламасына да енгізілді. «Wanna Be Startin’ Somethin’» Джексонның қайтыс болуына байланысты жүзеге аспай қалған This Is It турын ашатын ән болуы жоспарланған еді. Әсіресе осы соңғы тур үшін бұрынғы қойылымдармен салыстырғанда ең ауқымды нөмір дайындалды. Ән орындалған кезде Джексонның айналасында және көрермендердің үстінде ұшып жүріп, кейін әншінің алақанына қонуы тиіс шыны сфера жасалды..

«Wanna Be Startin’ Somethin’» әнінің концерттік орындаулары ресми түрде Live in Bucharest: The Dangerous Tour және Live at Wembley July 16, 1988 DVD дискілерінде шығарылды. This Is It турына арналған репетиция «Майкл Джексон: Міне, осымен бітті» деректі музыкалық фильміне енгізілді.

Композицилар тізімі 7" (Epic Records каталогындағы нөмірі — 34-03914)

12" (Epic Records каталогындағы нөмірі — 49-03915)

12" (Epic Records каталогындағы нөмірі — TA 3427)

7" (Epic Records каталогындағы нөмірі — EPCA 3427, A3427)

Жазбаның қатысушылары

Майкл Джексон — музыка, текст, вокал, бэк-вокал, вокал, үрмелі, ырғақ, stomp box аранжировкасы Грег Филингейнс — родес-пиано, синтезатор Дэвид Уильямс — синтезатор Льюис Джонсон — бас-гитара Паулино да Коста — перкуссия Джерри Хэй — труба, флюгельгорн, үрмелілер аранжировкасы Ларри Уильямс — саксофон, флейта

Билл Рейченбах — тромбон Куинси Джонс — ырғақ аранжировкасы Джулия, Максин мен Оурен Уотерсы (The Waters) — бэк-вокал Джеймс Ингрэм — бэк-вокал Бенни Халл — бэк-вокал Бекки Лопез — бэк-вокал Нельсон Хей — stomp box Стивен Рэй — stomp box

Чарттардағы орындары және сертификаттары

Чарттардағы орындар Чарт (1983)Ең жоғарыпозиция Аустралия25 Бельгия3 Ұлыбритания8 ФРГ16 Ирландия5 Канада1 Нидерланд3 Жаңа Зеландия35 АҚШ (Hot 100)5 АҚШ (R&B/Hip-Hop Songs)5Чарт (2008)Ең жоғарыпозиция Дания22 Италия14 Швейцария30Чарт (2009)Ең жоғарыпозиция Ұлыбритания57 Германия75 Нидерланд31 АҚШ (Hot Digital Songs)20 Швейцария37

Сертификаттар Ел Сертификат Ұлыбритания (BPI)Күміс АҚШ (RIAA)Платиналық

Wanna Be Startin’ Somethin’ 2008

«Wanna Be Startin’ Somethin’» Джексонның Thriller 25 альбомының қайта шығарылымына арналған нұсқасы үшін қайта жазылды. Ремикс «Wanna Be Startin’ Somethin’ 2008» деп аталды. Жазбаға Эйкон қатысты: композицияға оның вокалы қосылып, әнші тректің продюсерлерінің бірі болды. Ән 2008 жылы қаңтарда Epic Records және Legacy Recordings лейблдерінде CD және винил пластинкаларда шығарылды. Ол Thriller 25 альбомынан шыққан екінші сингл және Джексонның көзі тірісінде шыққан соңғы синглі болды.

Ән сыншылардан әртүрлі пікірлер алды. AllMusic басылымында композиция «мұңды фортепианолық қараңғылыққа» айналғаны жазылды, алайда ән альбомдағы ең көрнекті туынды болмаса да, Фергидің «Beat It 2008» композициясында Джексонның сөздерін мағынасыз қайталауынан немесе Will.I.Am-ның «The Girl Is Mine» әнін сәтсіз би трегіне айналдыруынан жақсырақ екені атап өтілді. Rolling Stone журналында ән «керемет» деп бағаланып, энергиялық композицияның вокалы сәл баяулатылған балладаға айналғаны айтылды..

Чарттарда «Wanna Be Startin’ Somethin’ 2008» Thriller 25 альбомынан шыққан алғашқы сингл «The Girl Is Mine 2008» әніне қарағанда жоғары нәтижеге жетті. АҚШ-тағы Billboard Dance Club Play Songs чартында композиция екінші орынға көтеріліп, жыл қорытындысы бойынша жасалған тізімде 19-орын алды. Аустралияда трек алтын сертификатқа ие болды..

Композиция тізімі 12" (Epic Records каталогындағы нөмірі — 88697290951)

Ремикс жазбасының қатысушылары Майкл Джексон — музыка, текст, вокал, бэк-вокал Эйкон — музыка, вокал, бағдарламалау Джорджио Тьюнфорд — музыка, бағдарламалау Марк «Exit» Goodchild — ремикстің жазбасы

Чарттардағы орны Чарт (2008)Высшаяпозиция Аустралия8 Бельгия15 Германия63 Италия20 Жаңа Зеландия4 АҚШ (Hot 100)81 АҚШ (Dance Club Play Songs)2 Франция10 Швеция3

Дереккөздер

Санат:Майкл Джексонның синглдері Санат:Майкл Джексонның әндері Санат:1982 жылғы әндер Санат:Epic Records синглдері Санат:Майкл Джексон жазған әндер Санат:Майкл Джексон продюсерлік еткен әндер Санат:RPM Top Singles чартында бірінші орынға шыққан әндер Санат:Nederlandse Top 40 чартында бірінші орынға шыққан әндер Санат:Эйконның әндері