Яков Аврамович Дорфман (7.2.1938, Украина, Умань қаласы – 31.5.1996, Алматы) – ғалым, химия ғылымдарының докторы(1973), профессор (1982), КСРО өнертапқышы, катализдік химия саласындағы көрнекті ғалым. Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірген (1961). 1961 – 64 жылдары Қарағанды синтетикалық каучук зауытында, 1964 – 69 жылдары ҚР ғылым академиясының Химия ғылымдарының институтында ғылыми қызметкер, 1969 жылдан Органикалық катализ және электр химиясы институтында лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері тотығу-тотықсыздану реакцияларындағы металл-кешенді катализаторларды зерттеуге арналған. Ол координациялық қосылыстардың қатысымен көп бағытты процестердің кинетикалық теңдеулерін ұсынды. Лигандалар эффектісін салыстыра бағалайтын теңдеу алды (1971). Бұл салалар бойынша 5 монография, 450 ғылыми мақала жариялап, 2 ғылым докторын, 34 ғылым кандидатын дайындады, 17 авторлық куәліктің иегері. Дорфман АҚШ Халықаралық даму агенттігінің, халықаралық бейорганикалық химия ғылыми қорының гранттарын жеңіп алған. Сорос қорының жеке сыйлығымен, бірнеше медальмен марапатталған. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том Дереккөздер
Санат:Тұлғалар