Кен екшеу– кенді екшеуіш арқылы бөлшектерінің ірілігіне қарай сұрыптау процесі. Байыту технологиясының ерекшелігіне және кеннің құрамына, т.б. сәйкес Кен екшеу процесі өз бетімен екшелеу, әзірлік екшеу және қосымша екшеу болып ажыратылады. Өз бетімен екшелеу шикізаттан тұтынушыларға тікелей жіберілетін дайын өнім (көмір, кентас, т.б.) бөліп алу мақсатында қолданылады. Әзірлік екшеу процесі кен байыту фабрикакаларында байытылатын және бөлшектелетін шикізаттарды ірілігіне қарай іріктеу үшін қажет. Бұл әдіс әдетте сирек, әрі шашыранды асыл металдарға пайдаланылатын гравитациялық байыту процестерінің алдында және Қазақстанның көптеген байыту фабрикакаларында бірінші және екінші кезектегі бөлшектеу сатыларының алдында қолданылады. Қосымша екшеу әдісі шикізатты алдын ала ірілігін тексеру мақсаты үшін қолданылады. Кейде кен салмақ айырмашылығы негізінде де құраушыларға жіктеледі.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том

Дереккөздер: