thumb|left|150px|Марқакөл қорығының картасы Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы — Шығыс Қазақстан облысында, Оңтүстік Алтайдың шығысында Марқакөл қазаншұңқырында орналасқан. Ол солтүстігінде Күршім, оңтүстігінде Азутау жоталарының арасында орналасқан Алтайға тән тектоникалық ойпатты алып жатыр. Көл 1 449,3 метрлік абсолюттік биіктікте жатыр. Ең биік нүктесі — 3304,5 метр (Ақсу-Бас тауы).
Марқакөл қорығы - республикамызда құрылған алтыншы мемлекеттік қорық. Бұл қорықтың ұйымдастырылуындағы негізгі мақсаты - маңайда сирек кездесетін бағалы аңдарды, құстарды, өсімдіктерді және көктемде балық уылдырық шашатын өзендер арналарын қорғап, сонымен бірге орман мен айдын көлдерін, тау, өзендердің әсем табиғатын табиғи қалыпта сақтау. 1976 жылы құрылған. Марқакөл қорығы – Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай тауының, Азу мен Күршім жоталарының аралығындағы аса әсем Марқакөл шегінде орналасқан. Қорықтың жалпы ауданы 71 мың га, оның 44 мыңын көл айдыны құрайды. Оның 3756 гектары тегіс орман, ал жайылым 21 гектардан асады. Қорық аймағындағы климат қатаң континентті. Мұндағы Қазақстан аймағы үшін қаңтардың ең төмен орташа температурасы -26°С, -27°С, кейде аяз- 55°С-қа дейін жетеді. Шілденің орташа температурасы +14°С, +17°С, ең жоғарғысы + 30°С-қа дейін жетеді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 400 мм-ге жуық.
Марқакөл қорығы – жан-жануарларларға аса бай, көркіне көз тойғысыз Оңтүстік Алтай алқабының биік таулы өңірі мен Марқакөл көлінің табиғатын комплексті қорғау үшін ұйымдастырылған. Марқакөл – Алтайдағы Күршім мен Азу жотасының аралығындағы терең ойпатта шалқып жатқан үлкен, мөлдір сулы, балықты көл. Оның айналасы тасты, орманды тау. Бұл көлге бірнеше өзендер мен бұлатар, жылғалар құяды. Көлдің оңтүстік жағалауы жарқабақты, ал солтүстігі - аласа, жазықтау болып келеді. Көлге айналасындағы тау-жоталарынан ірілі-ұсақты 28 өзен құйса, одан жалғыз ғана Қалжыр өзені ағып шығады.
Қорықта көптеген шипалық мәні бар жоғарғы сатыдағы өсімдіктер де баршылық. Енді солардың кейбіреуіне тоқталсақ. Самырсын немесе Сібір қарағайы - жаңғағы жеуге жарайтын өте бағалы ағаш. Көп уақытқа дейін Сібір қарағайын жаңғақ алатын өсімдік ретінде кесуге тиым салынып келген. Өйткені оның жаңғағы 65 процентке дейін май береді. Жаңғақ тайгада нанның, еттің, жұмыртқаның орнынын ауыстырады. Жаңғақтан сібірліктер жоғары сапалы май және кілегей алған. Сібір қарағайының жаңғағы – ормандағы жан- жануарлардың тіршілік арқауы. Жаңғақ піскен кезде бұл жерге орман тышқандары, барша тышқан, самырсын торғайлары жиналып таласа-тармаса қысқы азықтарын жинайды. Самырсын көне заманнан сақталып қалған реликт өсімдіктердің қатарына жатады. Тайганың бұл бағалы ағашы көп жасайтын өсімдіктердің қатарына жатады. Дәрілік өсімдіктерден аралий мен алтын тамыр кездеседі. Жалпы Марқакөл қорығы мен оны мекендеген жануарлар әлемі ерекше қорғауға алынған. қорықта теңіз деңгейімен салыстырғанда 1400-1500 метр биіктікте бес биіктік белдеуі бар. Таулы тайга белдеуі, тау шалғыны белдеуі, таулы тундра белдеуі және Нивальдық (қарлы) белдеу (2800-3000 метр биіктікте). Қорықтың өсімдік жамылғысынан орманда, негізінен, Сібір балқарағайы, шырша, қайың, көктерек өседі. Қорықта жануарлар дүниесі мен өсімдіктер түрін сақтау үшін ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі Марқакөл қорығының табиғат байлығын, оның таңғажайып сұлу көрінісін қазақтың көрінекті жазушысы Ж.Аймауытов «Ақбілек» атты романында ерекше атап көрсеткен.
Қазіргі ауданы Қорықтың жалпы ауданы 71367 га, оның 26917 га-сын құрғақ жер, ал 44450 га- сын көл алып жатыр. Қорық үш бөлікке бөлінген: 1. оңтүстік- таулы- орманды алқап- 6250 га, ол көлдің оңтүстік жағалауы мен Азу тауының солтүстік беткейін алып жатыр; 2. Көл жағалауы- 609 га, Тополевка мен Жирен Байтал өзенінің сағаларындағы солтүстік жағалаудың азғантай жерін қамтиды; 3. Солтүстік таулы- орманды алқап- 20050 га, Тополевка, Таутекелі, Тихушка, Сорвенок өзендерінің жоғарғы жағында Күршім жотасында орналасқан. Бұдан басқа Урунхайка өзенінің сағасындағы орталық усадьбаның 8 га жерін алып жатыр. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының айналасы ені 2 км болатын үзік сызықты қорғау аумағымен қоршалған.
Әкімшілік орналасуы Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы Шығыс Қазақстан облысында, Оңтүстік Алтайдың шығысында Марқакөл қазаншұңқырында орналасқан. Ол солтүстігінде Күршім, оңтүстігінде Азу тау жоталарының арасында орналасқан Алтайға тән тектоникалық ойпатты алып жатыр. Көл 1449,3 метрлік абсолюттік биіктікте жатыр. Ең биік нүктесі 3304,5 метр (Ақсу- Бас тауы).
Табиғи жағдайы Физикалық-географиялық сипаттамасы (табиғи аймағы, климаты, гидрологиясы, негізгі ландшафттары, геологиясы, топырағы): Қорық Оңтүстік Сібір тауларының құрамына кіретін Оңтүстік Алтай тауларының шегінде орналасқан. Таулармен және Орта Азияның шөлді және жартылай шөлді аймақтарымен, Қазақ даласымен және орманды даламен шекаралас орналасқан Марқакөл көлі үнемі олардың әсерін сезінеді және олардың әрқайсысының өзіне тән табиғаты қорықтың табиғатында да өз көрінісін тапқан.Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы Оңтүстік Алтайдың табиғат кешенін, сондай- ақ бірегей альпі өзені Марқакөл көлін табиғи қалпында сақтау мақсатында құрылған. Марқакөл- Алтайдың ірі су қоймасы. Көл созылған сопақша формалы, солтүстік шығыстан оңтүстік батысқа қарай созылып жатыр. Су жинайтын бассейнінің көлемі 1180 кв. км құрайды. Көлдің ұзындығы- 106 км, ені- 6-19 км, ауданы- 455 кв. км, жағалауының ұзындығы- 106 км, көлдің орташа тереңдігі- 14,3 метр, максималды тереңдігі- 24-27 метр. Көлдің шарасында 6,5 кубометр су жиналған.Марқакөл көлінен басқа қорықтағы негізгі қорғау объектілері, олар – Солтүстік Сібір таулары үшін қалыпты болып саналатын биік таулы ауданның балқарағайлы, самырсынды және шыршалы ландшафтары; Марқакөлге ғана тән майқан, хариус, талмабалық, теңгебалық түршелерінің жергілікті бірегей балықтар әлемі, құрамына біздің республикамызда, тіпті дүние жүзінде сирек кездесетін және құрып бара жатқан түрлердің көптеген қатары кіретін бай және сан алуан құстар мен сүт қоректілер.Марқакөл көлінің пайда болуы альпілік тектоникалық циклдің ширек ғасырлық кезеңіндегі мұз дәуірімен байланыстырылады. Ол дәуірде жоғары көтерілулер мен жарылулардың нәтижесінде қазіргі жоталар мен тауаралық ойпаттардың өзіндік жүйелері пайда болды. Олар кейіннен мұз қатулардың әсеріне ұшырады. Мұның іздерін Күршім жотасының су айырықтарынан анық байқауға болады. Марқакөл көлінің қазаншұңқырына орташа таудың бөлшектенген, сүйір шыңды, тік беткейлі тау бедері тән. Тау беткейлері терең өзен алаптарымен кесіп өтілген. Күршім тау жоталарына таңқаларлық тау жұрнақтарынан құралған жартасты шыңдар мен тау айдарлары тән. Көптеген таулардың ұшар бастары ірі сусыма тас сынықтарымен жабылған, олар тастан құралған «өзендермен»- курумниктермен тау беткейінен төмен қарай түседі. Жотаның солтүстік- шығыс бөлігі ірі үзік- үзік шатқалдармен, каньондармен бөлінген. Ал бұлардың ортасында төменде таңғажайып әдемі көкпеңбек альпі көлі жатыр.Азу тау мен Сорвенковский белок жоталары үшін су айырықтарының бастары тегістелген, күмбез тәрізді жоталы тау бедері тән. Су айырықтар кей жерлерде бөлек- бөлек жартастары бар, кейде маңайы шашылған шойтастар мен плиталарға толы тегістелген жер не жазық сипатты болып келеді. Мұнда альпі щалғындығы мен тау тундрасы анағұрлым байсалды көрінеді, ал қалың ергежейлі қайыңдар мен талдардың орнын аршалар басқан. Тау жоталарының баурайы төменде тау өзендері мен бұлақтары ағып жатқан терең тайга бөлшектерінен тұрады және анағұрлым тік.