Үржар ауданы — Абай облысының оңтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. Семей қаласынан оңтүстікке қарай 373 км-дей қашықтықта. Ең жақын Аягөз темір жол станциясы 125 км-дей жерде. 1928 жылы құрылып, 1997 жылы құрамына Мақаншы және Таскескен аудандарының жерлері енді. 2024 жылы Мақаншы ауданы қайта бөлініп шықты. Жерінің жалпы ауданы 12 мың км². Аудан орталығы — Үржар ауылы.
Географиялық орны, жер бедері Үржар ауданы батысы мен солтүстік-батысында облыстың Аягөз, солтүстігінде Ақсуат, шығысында Мақаншы аудандарымен, ал оңтүстігінде Жетісу облысының Алакөл ауданымен шектеседі. Жер бедері едәуір күрделі. Егер оның солтүстік жағын Тарбағатай жотасының батыс сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас (1316 м) және Ақшәулі (1618 м) таулары алып жатса, оңтүстік жағын Тарбағатай жотасының оңтүстік ұсақ шоқылы беткейі мен Алакөл ойысының солтүстік бөлігі, ал оңтүстік-шығыс бөлігін Бармақ құмы мен Қосай шағылы, Көрпебай (568 м), Бақты (1273 м), Арқарлы және Арасан таулары алып жатыр. Осыған байланысты ауданның жер бедері солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай едәуір еңіс келеді. Аудан жерінде Тарбағатай жотасының ең биік жерлері Атбас тауы (2263 м) мен Тастау (2992 м) таулары және Тікжолдана, Қызасу, Ақшоқы, Кіші Сырғанақ асулары орналасқан. Кен байлықтарынан құрылыстық тастар мен кірпіштік саздар бар.
Климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі Климаты тым континенттік. Қаңтар айының орташа температурасы –14 — 17°С, шілдеде 21 — 23°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері солтүстік таулы бөлігінде 400 — 600 мм-ден, оңтүстігінде 165 — 200 мм-ге дейін ауытқиды. Таулы бөлігінің өсімдіктері мен топырақтары биіктік белдеуге сәйкес тараған. Сондықтан мұнда таулық күлгін, таулық шалғынды топырақ белдемдерінде шалғынды шөптер, өзен бойларында қайың, терек, жабайы алма, әр түрлі жемістер мен жидектер, тау етектерінде селеулі-бетегелі шөптер, шөлейтті бөлігінде жусан, бұйырғын, көкпек, баялыш, жүзгін, ши, т.б. өседі. Сонымен қатар облыс көлеміндегі, толған алма бақтары гүлден десте жамылған жалғыз ғана аудан. Мамыр айында Тарбағатай биіктерінен алқызыл қар тау етектеріне қарай жылжығандай болады. Жануарлар дүниесінен тауларда қоңыр аю, арқар, марал, қасқыр, түлкі, қоян, елік, борсық, ал құстардан құр, шіл, қарға, сауысқан, көгершін, өзен бойлары мен көлдерде қаз, үйрек, тырна, т.б. мекендейді.
Су торабы Жер беті сулары Балқаш — Алакөл алабына жатады. Оған бастауын Тарбағатай жотасы мен оның сілемдерінен алатын Ай, Қаракөл, Үлкен Текебұлақ, Үржар (Өржар), Қатынсу, Еміл, т.б. өзендері кіреді. Сасықкөл мен Алакөл көлдерінен басқа ауданның батыс жағында Шыңқожа, Кенжебай, Қолдар, т.б. шағын көлдер бар.
Тарихы Бұл елді мекен 19-шы ғасырдың елуінші жылдары орыс-казак поселкесі ретінде пайда болған. Әрі бұл арада 1867-79 жылдар аралығында Қытайдың сауда өкілдігі жұмыс істеген. Үржар арқылы Ташкент және Семей керуен жолы өткен болатын. Сондай-ақ 1905-15 жылы Қоныстандыру басқармасы орналасқан. Үржар аймағының тұрғындары Кеңес Үкіметінің құрылуына белсене қатысты. Коммунистік партияның 1-ші аудандық комитеті 1922-ші жылы 1-ші ақпанда, 1-ші болыстық Кеңестер съезі 1922 жылы қазан айының 6-да ашылды. Үржар ауданы Қазақстанның шығысындағы ең үлкен аудандардың біріне саналады. Осы өлкеде талай бір қиын да қилы кезеңдерде ерлігімен көзге түсіп, ел есінде қалған айтулы тұлғалар көп деп айтуға болады. Бұл арадан екі мыңдай жыл бұрын Ұлы Жібек жолы өткен әрі осы замандардан бері құрыштай берік дала халқы өсіп-жетілді. Бұл өлкеде баланы ерте жасынан ат ертоқымына отырғызып, оларды мықты отыруға үйретті, егер керек болса, қиын кезеңдерде өз жерін, анасы мен қарындастарын қорғауға қалыптастырды. Тағдырдың ауыр замандарында, аймақтың би мен батырлары салиқалы шешімдер қабылдап, ақындары ел бірлігін қолдаған өлең – жырлар шығарып, халықтың рухын көтерген. Жарбұлақ елді мекенінде туып-өскен Қабанбай батыр – сардарды тарих мәңгі ұмытпайды. Бүгіндері аса бір сүйіспеншілікпен қазақ халқы оны «Дарабоз», «Хан батыры» - деп атайды. Тарбағатай алқабы, суықты да, аштықты да, соғыстыда, күштеуді де көп көрді. Үржар өңірі табиғаттың анық бояуы деуге әбден болады, бір жағы жазиралы дала, енді бір жағы көкжиекке көлденең түсіп жатқан Тарбағатай асулары. Қыс алдымен тауда басталып,алғашқы қар құзарт белдерде жатады. Үржар станицасы 1854 жылы құрылған. Бұл арада бірінші болып Сібірден қоныс аударғандар, онан кейін Жетісу қазақтарының әскерлері тұрған еді. Кейінен Батыс Сібірдің шаруаларына бұл жаққа көшіп келуіне рұқсат берілді. Қазіргі уақытта облыс бойынша аудан – ең үлкен ауданның біріне жатады.
Халқы 1939 1959 1970 1979 1989Ресей империясы, КСРО халық санақтары 1999 2009ҚР халық санақтары 2021 2023 28599 42836 54651 54428 45564 95312 83174 71110 69680
Тұрғындары 73 760 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар – 92,10%, орыстар – 6,78%, немістер – 0,38%, татарлар – 0,23%, шешендер – 0,10%, ұйғырлар – 0,07%, корейлер – 0,05%, қырғыздар – 0,05%, өзбектер – 0,03%, болгарлар – 0,03%, басқа ұлт өкілдері – 0,19%.
Әкімшілік бөлінісі 35 елді мекен 16 ауылдық округке біріктірілген: + Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021)2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындылары Ақжар ауылдық округі Ақжар ауылы 3 1814 Алтыншоқы ауылдық округі Алтыншоқы ауылы 4 2297 Барқытбел ауылдық округі Барқытбел ауылы 4 1747 Бестерек ауылдық округі Бестерек ауылы 3 2454 Егінсу ауылдық округі Егінсу ауылы 2 1388 Елтай ауылдық округі Елтай ауылы 1 1579 Жаңатілек ауылдық округі Жаңатілек ауылы 2 1529 Жоғарғы Егінсу ауылдық округі Жоғарғы Егінсу ауылы 1 1284 Көкөзек ауылдық округі Көкөзек ауылы 1 1101 Көлденең ауылдық округі Көлденең ауылы 1 1133 Қарақол ауылдық округі Қарақол ауылы 3 2079 Қоңыршәулі ауылдық округі Таскескен ауылы 2 2425 Науалы ауылдық округі Науалы ауылы 2 3075 Салқынбел ауылдық округі Сегізбай ауылы 2 721 Үржар ауылдық округі Үржар ауылы 3 17966 Шолпан ауылдық округі Шолпан ауылы 1 1051 ЖАЛПЫ САНЫ — 35 43643
Әлеуметтік салада аудан аумағында 61 мектеп; 2 балабақша; 3 мәдениет үйі; 13 клуб; кітапханалар; 3 мешіт, 4 аурухана; 32 фельдшерлік-акушерлік пункт, т.б. мекемелер бар.
2004 жылы Алматы қаласының ардгерлер кеңесінің, қалалық әкімшіліктің ұйғаруымен барлық соғыс ардагерлері мен оған теңестірілгенді аралап, олардың тұрмыс, әлеуметтік жағдайларын тексерген бастамасын біздің облыс аудандарында да жүргізді. Бұл істі атқару үшін аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік қорғау, денсаулық қорғау бөлімдерінің бірлескен мәжілісінде қарап іс-шаралары белгіленді. Селолық округтер бойынша кімге қандай көмек беру мәселелері белгіленіп олар іс жүзіне асырылуда. Бүгінде ауданда 103 соғыс ардагері, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарында екпінді еңбегі үшін медальмен марапатталғандар – 130, армияда болғандар – 23, соғыста қаза тапқандардың жесірлері – 17, соғыс жылдары кем дегенде 6 ай тылда жұмыс істегендер – 1087 адам анықталды.
Ірі елді мекендері Атауы Халқы (2021) Үржар 17296 Науалы 2568 Таскескен 2404 Қарақол 1695 Елтай 1579 Бестерек 1571 Ақжар 1566 Жоғарғы Егінсу 1284 Жаңатілек 1213 Көлденең 1133 Көкөзек 1101 Алтыншоқы 1068 Шолпан 1051
Ауыл шаруашылығы Үржар ауданы негізінен қой, ет-сүт бағытындағы ірі қара мал және дәнді дақылдар өсірумен айналысады. Ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 2265,3 мың га, оның ішінде 376,3 мың га-сы егістік, 102,9 мың га-сы шабындық, 1786,1 мың га-сы жайылым. 90-жылдың ортасына дейін аудан экономикасын негізінен ұжымшарлар мен кеңшарлар, қосалқы шаруашылықтар, аудандық aуыл шаруашылығы бірлестіктер құрады. Нарық экономикасына өтуге байланысты басым бөлігі жекешелендірілді. Олардың негізінде көптеген шаруа қожалықтары (1,2 мың), АҚ (10), ЖШС (53) және ӨК-тер құ-рылды. Бұлардан басқа аудан бойынша ірі елді мекендерде (Үржар, Мақаншы, Таскескен) машина-трактор жөндеу шеберханасы, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері, май, нан зауыттары мен диірмендер, т.б. жұмыс істейді. Қазір ауданда ауыл шаруашылығының жақсы жолға қойылуынан жергілікті экономиканың көтеріле бастағаны байқалады. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу жоғары деңгейде дамып, дүкендерге жергілікті өндірістің тамақ өнімдері көптеп түсуде. Сауда мен тұрмыстық қызмет көрсету, кәсіпкерлік кеңейе түсуде. Ауданның одан әрі өркендеп, дамый түсуіне, жаңа заманның құрылымдары; ЖШС «Юбилейный» - Т. Қарашев, «Келдімұрат» К. Қасенов, АҚ «Үржар-Астық» - Н. Коваленко, «Атамекен» фирмасының президенті - Ә. Садықов, «Бәкей» шаруа қожалығының жетекшісі – Т. Жирентаев, үлкен үлес қосуда. Бұлар 2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жоғары наградаларының иегері атанды.
Білім беру Аудандық саз мектебі туралы Үржар аудандық балалар саз мектебі 1973 жылы құрылған. Мектеп қабырғасында 272 оқушы білім алса, 43 ұстаз еңбек етуде. Мақаншы, Жарбұлақ, Қарақол ауылдарында филиалдар жұмыс істейді. Мектепте фортепиано, скрипка, басқобыз, домбыра, қобыз, баян аспабы мамандықтары бойынша оқушыларды даярлайды. Мектеп өзінің: ҚР еңбегі сіңген әртіс композитор Г. Дәукенова, «Отырар сазы» оркестрінің музыканттары Қойлышев С., Нұрақов А. музыка аспабын жасау шебері Сатыбалдинов С., әншілер М. Нұрмұхаметова, Г. Темірбекова сынды түлектерін мақтан тұтады. Ұстаздар ұжымы П-ші облыстық «Шығармашылықтар бірлестіктер» конкурсының лауреаты. Жоғарғы білімді 10, орта арнаулы 33,1 категориялы 8, П-категориялы 22. 1991 жылдан КСРО халық әртісі, композитор Е. Рахмадиев атында. Музыка мектебінің ұстаздары «Көңіл толқыны» халық аспаптар оркестрінің құрамында аудан, облыс көлеміндегі барлық мәдени шараларға белсене қатысады. Музыка мектебінің оқушылары облыстық «Жас музыкант» конкусының жүлдегерлері. Мектеп мүдірінің орынбасары Кебіспаева М.Х. осы мектептің түлегі. Мектеп мүдірі: Өмірбаев Бақыт Әбенұлы. Аудандық ардагерлер кеңесі туралы Үржар аудандық ардагерлер Кеңесінде 26 мүше бар, ревкомиссияда 3 адам (төрағасы Жабаев Нақысбек, 3 тұрақты комиссия бар. аудандық ардагерлер ұйымында селолық округтар бойынша – 27, Мақаншы ішкі істер бөлімінде, Үржар кісі тасу паркінде барлығы 29 бастауыш ұйымдар бар. Аудандық ардагерлер Кеңесі өз жұмыстарын жоспар бойынша жүргізіп отырады. Жылына бір рет пленум, 4 рет әр тоқсан бойынша президиум мәжілістері. Аудан Әкімі Селиханов Д.М. ұйғаруымен барлық соғыс ардагерлері аудан Әкімінің орынбасарларынан бастап, бөлім меңгерушілері, мекеме басшылары, ауыл әкімдеріне, мектеп мүдірлеріне бекітілген.
Аудан басшылығы Үржар тұрғындарының денсаулығы мен білім алуына айтарлықтай қамқорлық көрсетуде. Қазіргі заманның медициналық құрал-жабдықтары мен компьютерлеріне жеткілікті түрде қаражат жұмсалуда. Соның арқасында ауданның мектеп бітірушілері Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарына көптеп түсуде. Ал бұлар Үржардың және еліміздің болашағы. Аудан экономикасының дамуы, жергілікті жердің мәдениеті мен спортының жедел дамуына әсер етуде. Тұрғындарға кеңінен танымал «Сонар», «Сельские зори», «Көңіл толқыны» ән-би ансамбілдері жұрт алғысын алуда. А. Найманбайұлы атындағы Мұражай аудан мақтанышы деп айтуға болады.
Белгілі адамдар Жыл сайын аудан көлемінде «Жауқазын», «Тарбағатай – 2000» фестивалі жас дарындарды анықтау конкурсы өтіп тұрады. Бұған жеті мыңдай жас таланттар қатысады. Бұл өлкеде өзіндік тарихи бар қазіргі спорт түрлері де өте жақсы дамуда. Әрбір жылдарда әлем, Европа, бұрынғы Кеңес Одағы және Қазақстан чемпиондары түлеп ұшты. Егер айтар болсақ, Д. Тұрлыханов, Н. Яковлев, М. Майфат, Б. Қоңыратов, Г. Панина, Б. Битебаева, В. Камсулова және Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген тренер Қ, Дүйсенова. Ауданның олимпиадалық резерв мектебі, Қазақстан Республикасының, халықаралық жарыстарының, Азиялық және олимпиадалық ойындардың чемпиондары болған талай мықты спортсмендерді өсірді. Олардың ішінде: Д. Тұрлыханов, О. Яцкая, А. Иманбаев, Д. Баяхметов, А. Назаров, А. Шира, Е. Слямов Ш.Жоламанов және басқаларды айтуға болады. Олардың алтын және күміс медалдары Республикамызға әлемдік даңқ әкелді.