Зекет ( – тазарту) — мұсылмандардың бес парызының бірі, немесе мұсылмандықтың төртінші шарты, қоғамдағы кедейлерге берілетін міндетті садақа. Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін Зекет ретінде беруге міндетті.
Зекет мөлшері Зекет берілсе, бай адам мал-мүлкінің кірінен, кедейлер алдындағы борышынан тазарады. Зекет берілмесе, кедейдің қақы желінген болып табылады.
Зекет мына нәрселер үшін беріледі:
алтын-күміс, төрт түлік мал, ақша, сауда-саттық тауарлары.
Бұлар белгілі бір мөлшерге толуы қажет. Зекетке толатын мөлшерді “нисап” деп атайды. Мысалы, қой саны үшін белгіленген “нисап”: 40-тан 121-ге дейін 1 қой, 121-ден 399-ға дейін 2 қой, 400-ден бастап жүзден бірі Зекет түрінде садақаға берілуі керек. Сиырдың саны 30-ға жетсе, “нисапқа” толған болып, 30-дан 39-ға дейін 1 тайынша, 40-тан 59-ға дейін 1 құнан өгіз не құнажын сиыр, 60-тан 69-ға дейін 2 тайынша, 100-ден 202-ге дейін 4 тайынша, не 3 құнан өгіз, не 3 құнажын сиыр, бұдан жоғары сандарға жеткенде әр 30-дан бір тайынша, не әр 40-тан 1 құнан өгіз, не құнажын сиыр Зекетке беріледі. Түйенің саны 5-ке жетсе “нисапқа” толады. 5-тен 9-ға дейін 1 қой, 10-нан 14-ке дейін 2 қой, т.б., 196-дан 200-ге дейін 4 бесті інген Зекетке беріледі де, одан жоғары санға жеткеннен кейін әр 50 түйеге 1 дөнежін інгеннен есептеледі. Айналымдағы алтын-күмістен өз салмағының 40-тан бірі Зекетке беріледі. Сондай-ақ, 20 мысқал (96 г) алтынның, яки 200 дирҺам (641 г) күмістің бағасындай сауда мүлкінен де, ақшадан да 40-тан бір мөлшерінде Зекет беріледі.
Кімге берілуі тиіс Құран Кәрімде айтылғандай, Зекет сегіз түрлі кісілерге: кедейлерге, міскіндерге (қолында түгі жоқ тақыр кедейлерге, жетім-жесірлерге), Зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлды азат етуге, борыштыларға (қарызын төлеуге шамасы келмейтіндерге), мүсәпірлерге (үйіне жете алмай, жолда қалғандарға) таратылуға тиіс. Зекет беруші Зекетті берген уақытта Зекет үшін беретіндігін ниет етуі, яғни ішінен ойлауы шарт. Ал Зекет алушының Зекет екендігін білуі шарт емес. Зекетті бергеннен кейін міндетсу немесе ренжітіп, кемсітіп беру, сондай-ақ, мақтан үшін беру Зекеттің қайыр-сауабын зая кетіреді."Қазақ Энциклопедиясы",4 том 3 бөлім
Зекеттің пайдалары мен хикметтері 1. Алла Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйым салынған нәрселерден тыйылған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа кенелтіп, өзінің мархаметіне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен. Зекет те Алла Тағаланың бұйырған әмірлерінің біреуі,сондықтан орындаушысы уәде етілген сый-сыяпатқа кенеліп, Алланың ризашылығына кенелері сөзсіз. Сонымен қатар 3екет – Тәубе сүресінің 103-аятында білдірілгендей күнәлардың кешірілуіне себеп. «Олардың малдарын көбейт және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал». 2. Жалпы адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттар бар. 3. Зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық,тәкаппарлық сияқты жиіркенішті қылықтардан сақтап, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелейді, баулиды. Табысының бір бөлігін тек қана Алла ризалығы үшін пақыр отандастары мен діндестеріне тегін беретіндей көңілге ие болған мұсылман баласы әрқашан елін, халқын, отанын ойлайтын азаматқа айналары сөзсіз. 3екет – қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Бай кедейлерге мейірімділікпен қарап, байлығының белгілі бір бөлігін оларға тегін бергендіктен,кедей де оларға құрметпен қарап, олардың байлығы мен дүние-мүліктеріне сұқ көзбен қарап, қызғаныш, қастандық ойламайды. Осылайша қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді. 4. 3екет – қоғамдағы кедей-кепшіктердің орташа өмір сүрулеріне ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды. 5. 3екет – капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.)«Зекет – Исламның көпірі» – деп (әудем.) өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің 3екет арқылы бір дастарқан басына жиналатындығын ишарат еткен. Өйткені 3екет – бай мен кедейді жақындастыратын маңызды ғибадат. Ислам діні «Мен тоқ болайын, басқасы аштықтан өлсе әлсін» немесе «Сен әурешілік ішінде күн кеш, мен нығметтер мен ләззаттар ішінде рақаттанайын, сен жұмыс істе, мен жейін, сенен жұмыс, менен жеу» – деген сияқты тек қана қара басын ойлайтын өзімшілдік түсініктерге қарсы шығу арқылы қоғамның байлары мен кедейлері арасында от тұтанатын болымсыздықтарға іс насырға шаппас бұрын бөгет жасайды. 3екет – кірістің таратылуындағы теңсіздікті жоқ қылып, әділеттікті орнататын, байларға жүктелген сауабы мол маңызды ғибадат. Қысқасы, 3екет – хадисте айтылғандай байдың мейірімділік жағалауы мен кедейдің құрмет жағалауын жалғайтын илаһи көпір. 6. 3екет ғибадаты – Алла Тағаланың берген байлық нығметіне шүкір болып саналады.3екет беруші мұсылман әрқашан қолындағы байлықтың Алла Тағала тарапынан берілген жақсылық екенін түсініп, өзінен де зерек, қабілетті, денсаулығы мықты талай адамдардың бұл нығметтен мақрұм екенін түсініп, сол нығметтерді өзіне нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкір етуі керек. Әр нығмет өзіне сай шүкір талап етеді. Ілімнің шүкірі – оны басқаға үйретумен,дене мүшеміздің шүкірі – ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты, байлық нығметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, зекет беру арқылы жүзеге асады. Яғни, байлық нығметінің шүкірі ауызбен айтылатын «Аллаға шүкір» деген сөзбен ғана шектелмейді. 7. 3екет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтап, байлықтың құрып кетуіне тосқауыл жасайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бастарыңа келетін пәлелерге тілейтін дұғаларыңмен дайындалыңдар» – деп түсіндіреді. 8. 3екет – қоғамдағы ұрлық-қарлық, алдап-сулау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің кеңінен жайылуына бөгет қояды. Мұқтаж адамдардың өмір сүрулеріне керекті деп табылатын аса қажеттері зекет сияқты заңды жолмен қамтамасыз етілгендіктен, қоғамдағы аталмыш болымсыз көріністер өздігінен тоқтайды. 9. Қоғам барлық мүшесімен бүтін саналады. Әркім өзіне кіріс кіргізу барысында қоғамның басқа мүшелерінен тікелей немесе жанама түрде пайдаланады. Белгілі бір қоғамда емес, жапан далада жеке басы өмір сүргенде қолындағы байлығы пайда болар ма еді? Сондықтан байдың байлығында кедейдің де есесі бар екенін ұмытпаған жөн. Беретін зекет – қоғамға деген рахмет пен сол байлық нығметін нәсіп еткен Ұлы Жаратушыға шүкір етудің белгісі. 10. Шайтан адамды «3екет берсең, аш-жалаңаш, кедей болып қаласың» – деп қорқытып, азғырып-пысқырады. Шындығында 3екет малдың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп. Құранда бұл шындық былай баяндалады: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла Тағала сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші» («Бақара»,268-аят), «Алла өсімді жояды да сауданы арттырады. Әрі Алла барлық қарсы келуші күнәһарды жақсы көрмейді» («Бақара»,276-аят). Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде берілген садақаның байлықты азайтпайтынын айтады: «Садақа малдан ештеңе азайтпайды» (Муслим, Бирр, 69). 11. 3екет берген адамның жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат кұшағына кіргендей күй кешіп, өмірдің қысымынан, дүние - мүліктің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан шығады.3екет мұсылмандарды жалқаулыққа, масылдыққа, жатып ішерлікке тәрбиелеп дағдыландырмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Берген қол – алған қолдан қайырлы» - деп мұсылмандарды әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады.
Зекет ғибадатының үкімі 3екет ғибадаты Ислам дініндегі негізгі бес ғибадаттық ішінен орын теуіп, һижраның екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууәл айында парыз болды.
Парыздығының дәлелдері (Құран Кәрім,Сүннет, Ижмағ).
1. Құран Кәрім «Намаз оқыңдар, Зекет беріңдер...» («Бақара», 34; 83-аяттар.)«(Мұхаммед Ғ.С.) олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің. Оларға дұға қыл.Өйткені, сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау.Алла толық естуші, аса білуші» («Тәубе»,ЮЗ-аят) «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Алла тарапынан бір парыз: Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге,жаңа мұсылмандарға, құлды азат етуге,борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі. Алла әр нәрсені білуші хикмет иесі» («Тәубе», 60-аят).
2. Сүннет Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.а.у.) Алла тарапынан жіберілген елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу,зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару» (Тирмизи, Иман 36;Бухари, Иман 1; Муслим, Иман 217.)
3. Ижмағ Ислам ғұлама, мүштаһиттері 3екет ғибадатының парыздығына бір көзқарас білдірген. Тіпті сахабалар зекетті бермейміз дегендерге қарсы соғыс ашу керек деген пікір айтқан. Кімде-кім зекет ғибадатының парыздығын қабылдамаса, діннен шығады. Ал, парыздығын қабылдап орындамаса, күнәһар болады.3екеттің белгілі-бір адамға парыз болуы үшін төмендегі шарттардың орындалуы тиіс.
Мұсылман болуы Басқа ғибадаттар сияқты зекет ғибадатында да беруші адамның ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен,азат мұсылман болуы шарт. Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға және балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге зекет беру парыз емес.Ханафи мазһабынан тыс басқа мазһабтарда балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге де зекет беру парыз. Олардың малдарының зекетін уәлилері береді.
Нисап көлеміне жететін немесе одан көп байлыққа ие болу 3екеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.3екет берілетін малдардың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі: 1. Алтында: жиырма динар, яғни, 85 гр. 2. Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 гр. 3. Түйеде: бес. 4. Сиырда: отыз. 5. Қой мен ешкіде: қырық. 6. Сауда заттарында: 85 гр. алтын немесе 595 гр. күмістің құнына тең болса. 7. Ақшада: 85 гр. алтын немесе 595 гр. күмістің құнына тең болса. 8. Бау-бақша және егіс өнімдері.
Зекетке берілетін малдың өсімділігі 3екет берілетін малға ай санауымен бір жыл толуы керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Бір жыл толмай малға зекет берілмейді» (Әбу Дәуд, 3., 5), – дейді. Бір жыл – зекет малдарының көбейіп, өсетін уақыты. Жыл толу мәселесінде Имам Әбу Ханифаның көзқарасына сүйенсек, зекет берілетін малдар екіге бөлінеді,
а) алтын, күміс, барлық ақша түрлері және жылдың көбінде қырда жайылатын малдар мен сауда заттары;
ә) барлық егістік, бау-бақша өнімдері мен қазба байлықтар. Бірінші бөлімдегі зекет малдарының зекеті берілу үшін толық бір жыл толуы шарт, өйткені малдардың төлдеп, сауда заттарының кіріс кіргізетін уақыты кем дегенде бір жыл. Ал екінші бөлімдегі зекет малдарының зекеті берілуі үшін бір жыл толуы шарт емес. Өйткені егіс пен бау-бақшадан бірнеше айда өнім алуға болады. Сол сияқты қазба байлықты бір жылда бірнеше рет алуға болатындықтан,бұларға нисап мөлшері мен бір жыл толу шарты қосылмайды. Ал Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің бұл мәселедегі көзқарасына сүйенсек, шамамен бір тоннаға жетпейтін және қолда бір жыл сақтауға шыдамайтын егіс өнімдері мен жеміс-жидектерден зекет алынбайды.3екет парыз болу үшін, ханафи мазһабында, нисап көлемі жылдың басында әрі жыл- дың аяғында толық болуы шарт.