thumb|300px|right|КСРО
Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы немесе КОКП (орыс. Коммунисти́ческая па́ртия Сове́тского Сою́за) – Кеңес Социалистік Республикалар Одағында, билігін жүргізген саяси партия.
1920 жылдардың басынан бастап 1990 жылдың наурыз айына дейін партия (әртүрлі атаулар - РК(б)П, БК(б)П, КОКП) біржақты жүйе бойынша жұмыс істеді және елдегі тоталитарлық автократиялық режимді құруға ықпал еткен саяси билікте монополиялық құқыққа ие болды. Бұл мәртебе конституциялық тұрғыда бекітілген: 1936 жылғы Конституцияның 126-бабында Коммунистік партия мемлекеттік және қоғамдық жұмыскерлердің «басқару орталығы» деп жарияланды, ал 1977 жылы қабылданған КСРО-ның Конституциясында КОКП кеңестік қоғамның басқарушы және бастаушы күші деп жарияланды. 1990 жылы партияның саяси билікке жүргізген конституциялық монополиясы жойылды, алайда КСРО Конституциясында КОКП, тіпті, жаңа редакциясында басқа саяси партиялар арасында да бөлек айтылды.
1991 жылы 19-21 тамыздағы оқиғалар КОКП-ны антиконституциялық іс-әрекеттерге айыптауға негіз болды. РКФСР Президентінің 1991 жылғы 6 қарашадағы № 169 Жарлығымен КОКП және оның РКФСР КП республикалық ұйымы қызметін тоқтатты, ұйымдық құрылымдар таратылды, мүлік тәркіленді. Алайда, РФ-ның Конституциялық Соты 1992 жылғы 30 қарашада № 9-П сот бұйрығымен КОКП - РКФСР КП-ның бастапқы ұйымдарының қызметіне тыйым салуды конституциалық емес деп таниды. Іс-шаралар жалпыға бірдей ұйым мәртебесінің құлдырауына және жоғалуына байланысты тоқтатылды.
Атауы Партия атауы әр жылда әр түрлі болды: 1898 – 1917 — Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы — РСДЖП 1917 – 1918 — Ресей социал-демократиялық жұмысшы (большевиктер) партиясы — РСДЖ(б)П 1918 – 1925 — Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы — РК(б)П 1925 – 1952 — Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы — БК(б)П 1952 – 1991 — Кеңес Одағы Коммунистік партиясы — КОКП
Тарихы Партияның теориялық негізі – марксшіл-лениншіл ілім болып саналды, түпкі мақсаты – коммунизм құру болып белгіленді, әр тарихи кезеңдегі міндеттерді айқындайтын бағдарламалары болды, ұйымдық құрылымы жарғысында көрініс тапты. Жоғ. органы – партия съездері болды, съездерде Орталық комитеті (ОК – ЦК) Орталық тексеру комиссиясы (ОТК – ЦРК) сайланған. КОКП ОК-ті өз пленумдары аралығында партия жұмысына басшылық жасау үшін КОКП ОК-інің Саяси бюросын (1919 жылдан бастап, ал 1952 – 66 ж. ол КОКП ОК-нің Төралқасы болып аталды), кадрларды іріктеп, жұмыстардың атқарылуын тексеретін хатшылықты, ОК-тің Бас (бірінші) хатшысын сайлап отырды. Партияның негізі – бастауыш ұйымдар болды, олар зауыт, фабрика, ұжымшар, кеңшар, т.б. кемі үш партия мүшесі бар кәсіпорындарда, мекемелерде, оқу орындарында, армияда ұйымдастырылды. КОКП басшылығымен Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағы жұмыс істеді (қ. Комсомол). 1880 – 90 жылы Ресейде өнеркәсіп жедел дамып, жұмысшылардың белсенділігі күшейді. Жұмысшы қозғалысына басшылық ету үшін 1883 жылы Женевада тұңғыш орыс марксшілдері ұйымы “Еңбекті азат ету" тобы [негізін Г.В. Плеханов (1856 – 1918) қалаған] құрылды (қ. Маркс К.). Осы ұйымның ықпалымен Ресейдің өз ішінде де көптеген марксшіл үйірмелер пайда болды. 1898 ж. 50-ден астам қалаларда марксшіл үйірмелер мен ұйымдар жұмыс істеді. Олар 1898 ж. 1 – 3 (13 – 15) наурызда Минскіде Санкт-Петербургтік “Күрес одағы” ұйымының (жетекшілері В.И. Ленин, Л.Марков, т.б.) ұйымдастыруымен өз съезін өткізді. Съезд бүкілресейлік біріккен марксшіл жұмысшы партиясының құрылғанын жариялап, оны “Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы” (РСДЖП) деп атау туралы шешім қабылдады. Съезден кейін Ресейдегі бұрынғы марксшіл ұйымдар РСДЖП комитеттері болып атала бастады. Бірақ партия іс жүзінде әлі құрылған жоқ болатын. Оның жарғысы, бағдарламасы, күрес тактикасы болмады, партия бір орталықтан басқарылмады. Осы мәселелер РСДЖП-нің 2-съезінде [1903, 17 (30) шілде – 10 (23) тамыз) Брюссель – Лондон] қатты талқыланды. Онда Ленинді жақтаушылар большевиктер, Марковты (1873 – 1923) жақтаушылар меньшевиктер болып аталды. 1905 – 07 ж. Ресейде бірінші орыс революциясы болып өтті. Осыған байланысты РСД(б)ЖП-нің 3-съезінде [1905, 12 (25) сәуір – 27 сәуір (10 мамыр] партияның күрес тактикасы белгіленді. Ресейде 50-ден астам большевиктік ұйымдар құрылып, ірі-ірі қалаларда Жұмысшы депутаттары кеңесі пайда болды. Большевиктер 1905 ж. Мәскеуде, т.б. ірі қалаларда өткен желтоқсан қарулы көтерілісіне қатынасты. Партияның 4-съезі [1906, 10 (23) – 25 сәуір (8 мамыр) Стокгольм] мен 5-съезі [1907, 30 сәуір (13 маусым) – 13 мамыр (1 маусым), Лондон] бірігу съездері болды. Онда большевиктер мен меньшевиктер уақытша бірікті. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында (1914 – 18) Батыс Еуропа жұмысшы партияларының көпшілігі өз үкіметтерін қолдап шықты. Марксшіл партиялардың халықар. қауымдастығы – ІІ-Интернационал тарап кетті. 1917 жылы Ресейде Ақпан революциясы болып, елде қосарланған билік жүйесі (Уақытша үкімет пен Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің билігі – “қос өкімет”) орнады. Ленин, т.б. партия көсемдері эмиграциядан, айдаудан қайтып, саяси өмірге араласты. РСД(б)ЖП-ның 6-съезі [1917, 26 шілде (8 тамыз) – 3(16) тамыз, Санкт-Петербург] Ленин нұсқауларын басшылыққа ала отырып, өкімет билігін қарулы көтеріліс арқылы тартып алу туралы шешім қабылдады. Көтеріліс 1917 ж. 25 қазанда (8 қараша) ел астанасы Санкт-Петербургте (қ. Кеңес өкіметі), 2 (15) қарашада Мәскеуде жеңіп шықты. Енді РСД(б)ЖП оппозициядағы партиядан жетекші партияға айналды (қ. Қазан төңкерісі). РСД(б)ЖП-ның 7-съезінде (1918, 6 – 8 наурыз, Санкт-Петербург) партияның атауы өзгеріп, Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясы [РК(б)П] болып аталды. Коммунистік партия жұмысшылар мен шаруаларды Кеңестік республиканы қорғауға шақырды. РК(б)П-ның 8-съезі (1919, 18 – 23 наурыз, Мәскеу) мен 9-съезінде (1920, 29 наурыз – 5 сәуір) Қызыл Армияны нығайту, контрреволюция мен шетелдік басқыншыларды талқандау негізгі мақсат етіп қойылды.
thumb|300px|left| Комсомол билеті, 1983 Азамат соғысында жеңіске жеткеннен кейін бір ғана саяси партия – РК(б)П билігіндегі Кеңес өкіметінің алдында тұрған негізгі міндет ашаршылықпен күрес, экономиканы қалпына келтіру мәселелері болды. Сондықтан партияның 10-съезі (1921, 8 – 16 наурыз) “соғыс коммунизмі” саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу жөнінде шешім қабылдады. Съезде ұлт мәселесі, кәсіподақтар жөнінде қызу пікірталастар жүріп, лениндік тұжырымдама қабылданды. Жікшілдікке жол бермеу үшін “Партияның бірлігі туралы” қарар да қабылданды. 11-съезде (1922, 27 наурыз – 2 сәуір) жаңа экон. саясаттың бір жылдық қорытындысы шығарылды. Елдің одан әрі саяси, экон., мәдени дамуы үшін кеңестік республикалардың ерікті одағын құру қажеттілігі айтылды. “Автономияландыру”, яғни барлық кеңестік республикалардың Ресей құрамындағы автон. аймақтар болуы қажеттігі идеясы қатты сынға ұшырады. Съезден кейін өткен РК(б)П ОК-і пленумында ОК Бас хатшысы болып И.В. Сталин сайланды. Осы жылдың қазан – желтоқсан айларында өткен Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Армения, Грузия компартияларының пленумдары КСРО-ға бірігуді мақұлдады (қ. Кеңес Одағы). РК(б)П-ның 12-съезі (1923, 17 – 25 сәуір) өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын өркендету, партияның және кеңестердің басқару жүйелерін жетілдіру мәселелерін қарады. Осы жылы партия ішінде қызу күрес басталды. Сондықтан фракциялар мен топтар еркіндігін талап еткен ОК пленумы троцкийшіл, “децистер”, “солшыл коммунистер”, “жұмысшы оппозициясы”, т.б. топтарды марксшіл-лениншіл идеялардан шегіну, ұсақ буржуазиялық адасу деп мәлімдеді. 1924 ж. 21 қаңтарда партия көсемі Ленин қайтыс болды. РК(б)П ОК-і жедел пленум өткізіп, партияға лениндік шақыру жариялады. Жедел түрде 240 мыңнан аса жұмысшылар мен шаруалар партия қатарына алынды. Ленин ауырып жатқан кезде және ол қайтыс болғаннан кейін партияның ОК-і мүшелері арасында билікке таласушылар арасында қызу пікірталастар жүріп жатты. Ол пікірталастар 14-съезде (1925, 18 – 31 желтоқсан) айқын байқалды. Онда Сталин тобы жеңіске жетіп, Л.Троцкий тобы мен “жаңа оппозиция” (Каменев – Зиновьев) тобы талқандалды. Съезде партияның жаңа жарғысы қабылданып, РК(б)П – Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы [БК(б)П] болып аталды. БК(б)П-ның 15-съезінде (1927, 2 – 19 желтоқсан) ел экономикасын өркендетудің бірінші бесжылдық жоспарын жасау жөнінде нұсқау қабылданды.1929 – 32 жылдарға арналған бірінші бесжылдық жоспар БК(б)П-ның 16-конференциясында (23 – 29 сәуір, 1929) бекітілді. Съезде Троцкий – Зиновьев тобы лениншіл бағыттан қол үзді деп есептелініп, ол топтың көптеген мүшелері партиядан шығарылды (қ. Бесжылдықтар). БК(б)П-ның 16-съезі (1930, 26 маусым – 13 шілде) Кеңес Одағының көптеген аймақтарында болып жатқан жаппай ашаршылықтарға қарамастан өнеркәсіп пен а. ш-нда үлкен жетістіктерге қол жеткіздік деп атап көрсетті. 17-съезде (1934, 26 қаңтар – 10 ақпан) бірінші бесжылдықтың қорытындысы шығарылып, екінші бесжылдық жоспары бекітілді. Осы съезде Сталин Бас хатшылыққа сайланарда көпшілік дауыс ала алмай, делегаттар партияның Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) губерниялық және қалалық комитетінің, БК(б)П-ның Солт.-Бат. бюросының 1-хатшысы, ОК Саяси бюросының мүшесі С.М. Кировты (1886 – 1934) жақтап дауыс берді. Бірақ дауыстарды санаушы комиссия сайлауды Сталиннің пайдасына бұрып жіберді. Көп ұзамай Киров белгісіз жағдайда кісі қолынан қазаға ұшырады (1934). Осыдан кейін Кеңес Одағында жаппай саяси қуғын-сүргін өршіп, артынша Ұлы Отан соғысы (1941 – 45) басталды да, партия съезі шақырылмай қалды.