Нәби Хамидоллаұлы Шауткенов (тамыз 1921, Жанбай ауылы, Новобогат ауданы, Гурьев облысы — 18 шілде 2002, Миялы ауылы, Қызылқоға ауданы, Гурьев облысы) – қоғам және партия қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек және мәдениет саласының қызметкері.
Өмірбаяны Шауткенұлы Набидолла (Нәби Хамидоллаұлы Шауткенов) 1921 жылы тамыз айының басында Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Жанбай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Руы Беріш, Кұлкеш бөлімі Байгөл.
Әкесі Хамидолла 1923 жылы қайтыс болып, оны анасы мен ағалары Жұмажан, Мүттахиден, Әбу тәрбиеледі.
1930 жылы Жанбай ауылындағы бастауыш мектепке барып, 1937–1941 жылдары Гурьев педагогикалық училищесінде оқыды. Оны тәмамдаған соң Кетешағыл ауылындағы Чкалов атындағы мектепте мұғалім болып еңбек етті.
1942 жылдың қаңтарында туған ағаларымен бірге Қызыл Армия қатарына шақырылды. Әскери комиссариаттың жолдамасымен Чкалов облысы Бузулук ауданындағы кіші командирлер даярлайтын мектепке жіберілді. Оны бітірген соң Солтүстік-Батыс майданының 200-атқыштар дивизиясы, 107-танкіге қарсы дивизионында 45 мм зеңбірек командирі болып тағайындалды.
1942 жылдың мамырында алғаш рет майданға кірдіhttps://1418museum.ru/search/?q=%D0%BD%D0%B0%D0%B1%D0%B8+%D1%88%D0%B0%D1%83%D1%82%D0%BA%D0%B5%D0%BD%D0%BE%D0%B2. 1942 жылы Ленинград облысының Старая Русса түбіндегі ұрыстарда екі ағасы — Әбу (10 мамыр) және Жұмажан (20 мамыр) 200-атқыштар дивизиясы құрамында соғысып қаза тапты, үшінші ағасы Мүттахиден Сталинград шайқасында ерлікпен шейіт болды. Осылайша, әке шаңырағынан Набидолла ғана аман қалып, әулет ұрпағын жалғастырды.
Кіші сержант Шәуткенов қысқа уақыт ішінде 6 дзот пен 2 блиндажды жойып, жүзге жуық жау әскерін талқандады. Ерлігі үшін 1942 жылдың қарашасында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Новобогат ауданынан шыққан тұңғыш жауынгер болды.
1943 жылы ауыр жараланып, Киров облысы Слободск қаласында эвакуациялық госпитальда емделді. Денсаулығына байланысты қайтадан алдыңғы шепке жіберілмей, Горький қаласындағы 19-орта мектепте әскери пән мұғалімі болып қызмет атқарды. Соғыстың соңына қарай қайтадан майданға шақырылды. Екінші рет жаралы болып, соғыс аяқталған соң елге оралды.
1946-1949 жылдары Новобогат аудандық комсомол комитетінің хатшысы болды. 1949 жылы Алматыдағы республикалық партия мектебінде оқып, 1951 жылы тәмамдады. Оқудан кейін Қызылқоға аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарды, кейін аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарды.
1953 жылдан бастап ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы партиялық жұмыстарға араласты. Қызылқоға, Тайсойған және Приморье МТС-тарында аймақтық хатшы, кейін Приморье МТС партия комитетінің хатшысы болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын училище құруға атсалысты.
1960–1970 жылдары Қызылқоға аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Оның бастамасымен аудан көлемінде мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар мен автоклубтар ашылып, көркемөнерпаздар қозғалысы өрістеді.
1969 жылдан бастап аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы болып, 17 жыл бойы еңбек етті. Қызмет барысында мал шаруашылығын өркендету, социалистік жарыстарды ұйымдастыруға белсенді қатысып, ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосты.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық қызметпен айналысып, 1987–1998 жылдары аудандық ардагерлер кеңесін басқарды.
Нәби Хамидоллаұлы Шәуткенов 2002 жылы 81 жасында дүниеден өтті. 2021 жылы туғанына 100 жыл толды. Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы орталық көшелердің бірі оның есімімен аталады.
Марапаттары Набидолла Шауткенұлы көптеген мемлекеттік наградаларға ие болды, олардың қатарында: I дәрежелі «Отан соғысы» ордені https://poisk.re/awards/anniversaries/1522493123 «Ерлігі үшін» медалі (1942) «Германияны жеңгені үшін» медалі (1945) Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін медалі Лениннің туғанына 100 жыл мерекелік медалі (1970) «Жуков медалі» Еңбек ардагері медалі «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 25, 30, 40, 50 жылдық» мерейтойлық медальдары «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл медалі» және басқа да марапаттар.
Жеке өмірі Жұбайы Зиба (1921) апамен бірге екі ұл Сейтжан (1958) мен Сәлімжан (1963-2020), екі қыз Роза (1955) мен Ақмарал (1966) тәрбиеледі. Балаларының ішінде Роза (Маңғыстау облысы), Ақмарал (Орал қ.) тұрады. Немересі Бауыржан Сәлімжанұлы атасының қара шаңырағын ұстап отыр.
Естелік Қызылқоға ауданының дамуына жарты ғасырдан астам үлес қосқан Набидолла Шауткенұлының құрметіне Миялы ауылындағы бір көшеге оның есімі берілген.
Сілтеме Шауткенов Н. Өмірбаяндық қолжазбалары
Атырау облысы Қызылқоға аудандық мұрағаты
Еркін Жұмажанов. "Тұңғыш медалі иегері". Қызылқоға газеті. 12 тамыз 2021
Қызылқоға энциклопедиясы/ Бас редакторы Т.Губайдуллин - Алматы, Үш Қиян баспасы, 2002. 163 бет. ISBN 9965-565-10-4
Мұрат Сарманов. "Құлкеш Ата ұлағатты ұрпақтары". Алматы, Media Invest Group баспасы, 2023. ISBN 978-601-7089-15-3
Қызылқоға ауданының энциклопедиясы/ Бас редакторы Мереке Құлкенов - Алматы, Үш Қиян баспасы, 2023. 534 бет. ISBN 978-601-245-059-0
Дереккөздер
Санат:Ұлы Отан соғысының қатысушылары